Ақмола облысының әкімі тұрғындар алдында есеп берді

Ақмола жұртының өмір сапасы жақсарып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр өңірде орташа жалақы көлемі 21%-ке өскен. Жаңадан 21 мың жұмыс орны ашылған. Сексен көлдің саясындағы өлкеде туризм саласы да түлеген. Бүгін облыс әкімі Ермек Маржықпаев тұрғындар алдында есеп беріп, алдағы жоспарды баяндады.

Былтыр өңірге тартылған инвестиция көлемі 426 млрд теңгені құраған. Оның тең жарымы өнеркәсіптік саланы дамытуға бағытталды. Бөлінген қыруар қаржы да, көл-көсір еңбек те еш кетпеді. Бүгінде Ақмола облысы өнеркәсіптің өрістеуі бойынша көш басында келеді.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

- «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында жалпы құны 291 млрд теңге болатын 42 жоба іске асады. Осы арқылы жаңадан 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Былтыр 15 жоба жүзеге асты.

Аймақта ауыл шаруашылығы саласының да әлеуеті артты. Ел бойынша жиналған өнімнің төрттен бірі өңір еңбекшілерінің үлесі. Ал саладағы жалпы көрсеткіш жылдағыдан 13%-ке өскен. Бұл – кейінгі 10 жылда тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Шағын және орта бизнестің адымын ашу үшін де тындырылған іс аз емес.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

- «Бизнестің жол картасы» аясында 448 жобаға 2,7 млрд теңге шамасында қолдау көрсетілді. «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша 167 жоба мақұлданды.

Биыл 14 елді мекенде газ тарату желілерінің құрылысы аяқталады. Облыс әкімі ауыл мен ауылды жалғайтын жолдардың жағдайы да назарсыз қалмайтынын айтты. Ол үшін қазынадан 18 млрд теңге бөлініп отыр. Басты базына – баспана мәселесін шешу де өзекті. Жоспар бойынша биыл көпқабатты 28 үй қолданысқа беріледі.

Бақыт Шегенова, қала тұрғыны:

- Салынып жатқан тұрғын үйлердің алдындағы балаларға, тұрғындарға арналған алаңдардың өзі замауани тәсілменен. Дамып келе жатыр. Көшелер жарық, адамдарға арналған жолдар салынып жатыр.

Бір ғана «Бурабайды» көруге аймаққа ат басын тірейтіндер аз емес. Осы ретте жекеменшік компаниямен курортты аймақты көркейту бойынша келісім жасалды. Құны 65 млрд теңге болатын ауқымды жоба биыл басталады.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Евгений Шинкоренко, Анатолий Полянный