Қарағандыда әлсіз топқа көмек көрсететін әлеуметтік патруль жұмыс істейді

Қарағандыда жағдайы мүшкіл жандарға қызмет көрсететін әлеуметтік патруль тобы бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар үй-күйі жоқ азаматтарға көмек беріп, адам қатарына қосуға тырысады. Себебі соңғы уақытта көшелерде қол жайып, қайыр сұрайтындар күрт артқан. Күн суытқалы бері арнайы топ қала ішінде 30 рет рейдке шығыпты. Құрамында фельдшер және арнайы қызметкері бар бригада 3 айда далада қалған жиырма шақты адамға жәрдем берді. Орталықта оларды жуындырып, тамағын беріп, киіндіреді. Артынша емдеп, төл-құжатын рәсімдеп жұмысқа тұруға ықпал етеді. Далада жүріп аяқ-қолын үсіріп алғандарға мүгедектігін рәсімдеп береді. 50 орындық бейімдеу орталығында тек 1,5 жыл қалуға рұқсат.

Зияш Ахметова, бейімдеу орталығының қызметкері:

- Латвия, Литва, Ресейде, Украинада туған азаматтардың құжаттарын жасау өте қиын. Ол үшін көші-қон полициясына барып құжат тапсырамыз. Содан кейін зейнеткерлік жасқа келгендерді қарттар үйіне орналастырамыз.