Созақ ауданында жастарға арналған ерекше ғимарат пайдалануға берілді

Түркістан облысының Созақ ауданында жастарға арналған ерекше ғимарат пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Киіз үй пішіндес жаңа нысан аудандық Жастар ресурстық орталығы ретінде өз жұмысын бастады. Бұған дейін аудан жастары газет редакциясының ғимаратында отырған болатын. Енді өз алдына жеке отаулары бар. Жаңа ғимараттың ішкі және сыртқы дизайны мен эскизінің өзі ерекше. Орталық бір мезетте 100-ге жуық жасқа қызмет көрсете алады. Мәселен онда өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы, теолог, психолог және заңгерлік кеңес бөлмелері қарастырылған. Мамандардың айтуынша, болашақта IT-орталығын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар наурыз айынан бастап жастарды кәсіпкерлікке баулып, бизнес идеяларды іске асыруға мүмкіндік туады. Робототехника, электронды кітапхана, «Еріктілер мектебі» мен «Құрылыс жасақтары да» өз жұмысын бастайды. Мұнда жастардың жан-жақты дамып, өнері мен қабілетін шыңдауға толық жағдай жасалған. Сондай-ақ ғимараттың сыртқы бөлігінде воркоут және спорт алаңы орналасады.

Жеңіс Төлепбергенов, Созақ аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы:

- Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 белсенді жас пен он шақты ақын-жазушыны алып, Созақтан Отырарға, Отырардан Түркістанға, одан Сауранға, Саураннан Нұр-Сұлтан қаласына бағыт қойып, көш-керуен жүргіземіз. Одан кейін ауданда «Ауыл геймс» деген іс-шарамыз бар. 12 ауылды қамтиды. Бұры аудан көлемінде өткізсек, биыл облысты қамтимыз. Онда 5 түрлі сайыс болады. Қой қырқу, нан пісіру, ләңгі тебу, асық ату, күбі пісу.