Карантин құрылыс нысандарына қалай әсер етті?

Былтыр Алматы облысында 434 құрылыс нысанының 103-і уақытылы тапсырылмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Талдықорғандағы Абай мектебі, Еркіндегі дәрігерлік амбулатория, Нұркенттегі 60 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үй мен 99 коттедждің құрылысы кешеуілдеді. Бұған елде жарияланған төтенше жағдай мен карантиндік шектеу шаралары әсер етті дейді мамандар.

Алматы облысындағы құрылысы уақытында аяқталмаған нысандардың арасында Балқаш ауданындағы денешынықтыру-сауықтыру кешені де бар. Бұл ғимарат 2019 жылдың қыркүйек айында салына бастады. Жоба бойынша өткен жылы 31 желтоқсанда халық игілігіне берілуі тиіс еді. Алайда карантиндік шектеу шараларының кесірінен аталған нысанның тапсырылу мерзімін үш айға дейін созуға тура келді.

Ғалым Тоқпейісов, Балқаш ауданының әкімі:

– Жұмыскерлердің аздығы, сырттан келетін жұмыскерлердің болмауы деуге болады. Осы негізде кішкене кешікті. Енді наурыз айында толыққанды аяқталып, пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда 90-95 пайыз жұмысы аяқталды.

Марат Нүсіпбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– Көп материалдар Алматы қаласынан әкелінеді. Шекаралардың бәрі жабылып қалды. Материалдар ғана емес, жұмысшыларды әкелу де қиындық тудырды. Сол себепті нысанның көбісі уақытынан кеш өткізілді. Бірақ үкіметтің жарлығы бойынша бізге, мердігерлерге шара қолдануға тыйым салдырған.

Карантиндік шектеу шараларының енгізілуі бюджет көлеміне де айтарлықтай әсер етті. Мәселен, өткен жылы өңірдегі құрылыс саласының бюджеті 74,2 млрд теңге болса, биыл ол 56,4 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл қаржыға 690 нысан салынады деп жоспарланған.

Марат Нүсіпбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– Биылғы жылы 690 нысанды салуға мердігерлермен сөйлесіп, бағыт беріп отырмыз. Былтырғымен салыстырғанда биылғы жылы пандемияға қарсы жеңілдік болады деп ойлап отырмын. Сол себепті нысандарды уақытылы өткізуге тырысамыз.

Өңірдегі құрылысы 2021 жылға өткен 500-ден астам нысанның арасында облыс орталығындағы ішіне бір мезетте 600-ге жуық адам сыятын жабық жүзу бассейні де бар. Су полосы, аквааэробика, суға секіру сияқты спорт түрлері мен бұқаралық спортты дамытуға арналған заманауи ғимараттың ашылуын талдықорғандықтар асыға күтіп жүр.

Мырзахан Әділханұлы, мердігер:

– Құрылыстың бірінші кезеңі толық аяқталды. Екінші кезеңіне инженерлік желілерін тарту жоспарланған. Бұл жұмыс өткен жылдың қазан айында басталды. Оған 1,9 млрд теңге бөлініп, игеріліп жатыр. Құрылысты мерзімінде аяқтаймыз.

Талдықорғандағы жабық жүзу бассейнінің құрылысы 2019 жылдың наурыз айында басталды. Оған 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Қазір нысанның сыртын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Ол шашамен 50 процентке аяқталған. Бұл нысан маусым айында пайдалануға берілуі тиіс.

Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Сондай-ақ...