Қостанай облысында отбасын сақтап қалу орталығы ашылды

Қостанай облысында жұбайлардың ажырасуы көбейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр өңірде 5 мың 553 жұп үйленсе, 3 мың 400-і некесін бұзған. Шаңырақтың шайқалуына көбіне арадағы түсінбестік пен әлеуметтік жағдай себеп болып жатады дейді мамандар.

Енді Қостанайда осындай жағдайға тап болған ерлі-зайыптыларға психологиялық, құқықтық көмек көрсететін орталық ашылды. Оның қызметін тілшімізден білейік.

Ермек жеті жыл бұрын үйленген. Таңдап алған жары ауқатты отбасының қызы екен. Барған жеріндегі жұтаң тірлікке үйренісіп кету жас келіншекке қиынға соққан. Содан арада ұрыс-керіс туындап, ақыры ажырасуға алып келген.

Ермек, қала тұрғыны:

– Біз пәтер жалдап тұрдық. Айлығым небәрі 60 мың тенге болды, оның 55 мыңын баспанаға төлеймін. Отбасымды асырау үшін екі жерде жұмыс істеп, түнде көлігіммен жолаушы тасыдым. Арамыз алшақтап кеткеннен бе, бір-бірімізді түсінуден қалдық. Ол ажырасайық деп шешті, мен отбасымды сақтап қалуға тырыстым.

Жағдай ушығып бара жатқан соң, Ермек психологтың көмегіне жүгінген. Жақын таныстарымыз емес, кәсіби маманның берген ақыл-кеңесі оң әсер етті дейд ол. Сөйтіп екеуі тіл табысып, қайтадан қосылған. Өкінішке орай мұндай қадамға бәрі бірдей бара бермейді.

Людмила Должикова, отбасылық психолог:

– Ажырасу жылдан жылға артып барады. Оған негізінен материалдық жағдай, өзара түсіністіктің болмауы, отбасылық құндылықтардың құнтталмауы сияқты көптеген себеп түрткі болып жатады.

Сот орындаушысы болып істейтін Несібелі Басенованы әсіресе ажырасудан кейінгі арадағы бала тағдыры қатты мазалайды. Қазір Қостанайдың өзінде алимет төлеуден жалтарып жүрген 16 мыңнан астам борышкер бар екен. Бұл мәселені шешудің бірден бір жолы отбасын қалайда сақтап қалу дейді ол. Сондықтан өмірлік қиын жағдайға тап болған жұптарға тегін психологиялық, құқықтық көмек көрсететін орталық ашуды ұйғарыпты.  

Несібелі Басенова, «Отбасылық терапия» жобасының жетекшісі:

– Жалпы қандай қиындық туса отбасында, соны шешуге тырысамыз. Ол тек психология емес, ер адам жұмыс істемесе, жұмысқа тұрғызамыз, мүмкін балалары мектепке бара алмайтын шығар, мүмкін баласы ауру шығар, жан-жақты көмектесуге тырысамыз.

Қоғамдық ұйымдардың көмегімен ашылған орталықта 20 шақты маман жұмыс істейді. Бұл игі іске атсалысуға демеушілерде мүдделік танытып отыр дейді жоба жетекшісі.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров