419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аршалы ауданы жылусыз отыр

  • 88
  • UPD: 09:55, 15.02.2021

Ақмола облысына қарасты Аршалы елді мекені қыстың көзі қырауда әлі жылусыз отыр. Бірнеше қазандық істен шыққан. Жағдайдың бұлай жалғасып келе жатқанына 3 ай болды. Тұрғындардың базынасы билікке жетсе де, жауаптылар қол қусырып отырған көрінеді. Жұртқа қайта ақпан қарасып тұр. Ақтүтек жоқ, май тоңғысыз екенін айтамыз.

Аршалы елді мекенінің тұрғыны Валентина Теслонко үйін тоқ пешпен жылытып отыр. 86 жастағы кейуана үшін бұл едәуір шығын. Ай сайын зейнетақысының 3-тен 1 бөлігін коммуналдық қызметке төлейді. Электр тоғына 14 мың, жылуға 6 мың 600 теңгесін береді. Бірақ ақшасы төленгенімен жылу жоқ. Үйінде ызғар есіп тұр.

Валентина Теслонко, Аршалы елді мекенінің тұрғыны:

- Міне қаншама көрпе жамылатынымды көріп тұрсыздар. Үй ішінде қат-қабат киіммен жүремін. Басқаша мүмкін емес. Батарея кейде ғана жылымық болады. Электр жылытқышты қосып отырамын. Соның есебінен ай сайынғы жарыққа төлейтін ақша көбейіп кетеді. Зейнетақыдан зейнетақыға әзер жетеміз. Онымды үйіме әкеп береді, сол сәтте-ақ оны коммуналдық төлемге, дәрі-дәрмекке жұмсап үлгіремін.

Валентина әжей атқамінерлерге ренжулі. Айтуынша, қыстың көзі қырауда жылусыз қалдыру нағыз қиянат. Басқа да үйлерде осындай жағдай. Жылу батареялары қанжылым ғана.

- Щас ниче. Они наверное не знали что вы приехали, ну можно же вот такие.

Аршалыдағы коммуналдық мәселені біздің арна бұған дейін де көтерген. Ол кезде жергілікті басқарма басшысы «жылу қазандығы жазда ғана жаңғыртудан өткенін айтып, ақауды мердігер мекеме жөндейді» деген болатын. Уәдесі орындалмады. Қазір өзі де, ауданның әкімі де қызметтерінде жоқ. Бірі денсаулығына байланысты жұмыстан босаса, екіншісі жемқорлықпен ұсталған. Ал бұл аудан әкімінің орынбасары, қызметке жаңа келген. 1 айдан бері осы мәселемен айналысып жүргенін айтады. Қазандықты жөндеу жұмыстарына кеткен қаржының желге ұшқанын біледі. Мердігер мен басқа да жауапты тұлғалардың ісі сотқа берілген.

- Вот надо общественный контроль вести. Люди говорят, что на обратки включили. Это уму не постижимо.

Эрнест Сидельников, Аршалы елді мекенінің тұрғыны:

- Біздің үйдің жылу таратқыш құбыры жол бойында тұр. Үйге дейін әлі 30 метр қашықтық бар. Келісім бойынша жылу есігіміздің алдына дейін тартылуы керек. Мердігер мекеме жылу таратқышты қыс басталғанда ажыратып тастады. Қосып беруге 250 мың теңге сұрады. Келісім бойынша олай болмайды ғой.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, мәселені шешу үшін бюджеттен 20 млн теңге бөлінді. Оған 2 пеш сатып алынбақ. Жаңа қондырғы Қостанайдан жеткізіледі екен.

Азамат Әміржанов, Аршалы ауданы әкімінің орынбасары:

- Енді мына котельный осы жерді жылытады. Дүйсенбі қараймыз. 3-4 соны бітіреміз. 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қыс аяқталуға таяу қалса да мына үйлердің мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Тұрғындар сол күйі үй ішінде бүрсең қағып жүр. Кей пәтерлердің тіпті жылу жүйелері жарыла бастаған. Суықтан. Аудандық әкімдік бірер күнде мәселені шешіп береміз дейді. Тұрғындар соған сенеді. Басқа амалдары жоқ. Жалпы бұл үйлердің мәселесі шаш етектен. Жылу жүйелері ескірген. Жай-күйі де жақсы емес. Тұрғындар осыған аудандық әкімдік тарапынан тиісті көңіл бөлінсе дейді.

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Аят Дүйсебаев

Хабар 24 телеарнасы