419,87 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көктемде қай аймақтарды су басуы мүмкін?

  • 102
  • UPD: 10:31, 15.02.2021

«Биыл былтырғыдай көп қар жоқ» деп босаңсуға болмайды. Себебі жылдағыдай емес, жер тым сіресіп жатыр. Мұндай жағдай алты бірдей облыста анықталған. Қай өңірлерге қауіп төніп тұр? 

Бұл бір апта бұрын Алматы облысында болған жағдай. Өңірде күн күрт жылып, Ешкіөлмес, Алдабергенов және Талапты ауылдарын су басты. Әйтеуір мал-жан аман. Әкімдік пен Төтенше жағдай министрлігінің мамандары тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді. Қазір қатер жоқ.

Жалпы бұл жылда қайталанатын жағдай. Биыл ше? Биыл көктемнен қалай шығарымызды ешкім дөп басып айта алмайды. Тек алдын алады. Қамдық қылады. Міне сол қамдықты әзірден күшейтпек ләзім.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Биыл маусымдық тоң қалың. Былтырғымен салыстырғанда шамамен 70 см көп. Әсіресе Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қарағанды облыстарының жері тым сіресіп жатыр.

Талғат Уәли, ҚР ТЖМ ресми өкілі:

- Негізінен көктемгі су тасқынына себепші болатын бір фактор ол жер қыртысының қатуы. Егер жер қабаты қатып, мұздап қалатын болса еріген су жерге сіңбей, елді мекендерді басу қаупі төнеді. Қазіргі таңда қарларды елді мекендерден шығару, арықтарды тазалау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жоғарыда атаған алты өңірде жер тоңы 70 см дейін қатып жатса, Павлордар облысында қар қалың. Өңірде су басу қаупі жоғары 30-ға тарта аймақ анықталып отыр. Тоғыз мыңдай халқы бар Кенжекөл ауылы сол қауіпті елді мекендер қатарында. Қатер Ертістен төніп тұр.

Серік Шуақбаев, Кенжекөл ауылдық округінің әкімі:

- Енді мына жасалған инертті материал дейді ғой топырақтан жасалған. Су 2 шақырым, 100 метр. Бұл Әбдіков көшесі былай қарай өтеді мына үйлерде қауіпті жағдай болмауы үшін. Сол үшін істелінген нәрсе ғой. Біз былтыр күзде 150 тонна инертті материал топырақ дайындап қойдық. Сол өзі жатыр, сондай бір жағдай туындаса біз оны техникамен барып жабамыз.

Шығыста да қауіп бар. Бетін аулақ қылғай, бірақ бұл облыста 100-ге жуық елді мекенді су алуы кәдік. Әсіресе Алтай мен Қатон-Қарағайда қатер басым. Ал Өскеменнің өзінде тасқын 1000-ға тарта үйді басуы мүмкін. Әсіресе Ахмер, Шығыс кенті, Жаңа Согра сынды 11 ауданда қауіпсіздік күшейтілді.

Андрей Андрейко, Өскемен қаласы ТЖБ бастығы:

- Қазір су басуы мүмкін ау деген осы аймақтарда жұмыс қарқынды жүргізіліп, бар күшімізді салдық, қатер қаупі сейілді деуге болады. Осыдан 3 жыл бұрынғы тасқын кезінде жер тоңы 123 см дейін қатып қалған еді, биыл бұл 69 сантиметрді көрсетіп тұр.

Қазгидрометтің мамандары наурызға арналған күн райы болжамын ақпанның соңында жарияламақ. Бір анығы, көктем биыл ерте келуі мүмкін екендігі айтылды.

Авторлар: Қорған Төреқожа, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы