Түркістан облысында ауыл көшелері жөнделіп жатыр

Түркістан облысының Созақ ауданында жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы Шолаққорған, Созақ, Таукент, Қаратау, Құмкент және Қарағұр елді мекендеріндегі 20-дан астам ішкі көшеге 377 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Оның тең жартысына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында асфальт төселсе, қалғаны жергілікті бюджет есебінен жөнделген. Сонымен қатар аудан аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 78 жол белгіcі орнатылған. Ал биыл аудандық бюджет есебінен ұзындығы 30 шақырымды құрайтын 25 көше жөнделеді деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде демеушілердің қаржысына Созақ және Баба ата елді мекендеріндегі ұзындығы 25 шақырым болатын 22 көше орташа жөндеуден өтпек.  

Дулат Байзақов, аудандық жолаушылар көлігі және ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- 2022 жылға 17 көше бар. Қазір жобалық сметалық құжаттары дайын. 2022 жылға жоспарланып отыр. 2023 жылға тағы 11 көшеге асфальттау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен аудандағы барлық көшелер толық жөнделетін болады.