Алматы облысында браконьерлік тыйылмай тұр

Алматы облысында заңсыз аң ату дерегі толастамай тұр. Қаңтар айының басында аңшылық маусымы жабылғанымен жапан далада қарда жүретін техникамен елік қуып, қамыс-қамыстың арасында қабан атып жүргендер әлі де баршылық.  Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы ұйымдастырған рейд нәтижесі қандай?

Біз бұл жолы Балқаш көлінің жағалауын бетке алдық. Матай ауылы мен Құрақсудың арасында жарқыраған автокөлік шамын көріп, олардың жолын қиюға тура келді. Ымырт үйіріле бастаған шақта көз ұшына іліккен көлік көп күттірмеді.  

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Мемлекеттік инспекторлар міне осы жаңа ғана «Тойота Хайлюкс» маркалы автокөлігін тоқтатты. Оның артында сүйретпесі бар. Ал сүйретпенің үстіне қарда жүретін техника тиеліпті. Ал мынау міне мамандар мына етті «қабанның еті» деп отыр.

Әдетте заңсыз аң атушылар небір оқиғаларды ойлап тауып, мемлекеттік инспектордың құрығынан сытылып шығып кеткісі келеді. Бұл жолы да солай болды.

- Ет мына екі жігіттікі. Ауылға кетіп бара жатқан жерінен жолдан алып кеттік. Сенбесеңіздер машиналары жолда тұр. Біз бір фазендадан шығып, екінші фазендаға бара жатырмыз. Бар болғаны сол.

Ал бұл жігіттің көлігінен түскен әлгі екі жолаушы камераны көре салысымен қалың ағаштың арасына кіріп, бой тасалап үлгерді.

Роман Коршунов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

- Бұл азаматтар жабайы қабанның артқы екі санымен және үш аңшы мылтығымен ұсталды. Еттің салмағы шамамен 20 келідей. Материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Ақсу аудандық ішкі істер бөліміне жолданды.

Айбек Ахметқалиев, Ақсу аудандық полиция бөлімінің тергеушісі:

- Куәгерлердің айтуынша, осы үш қарудың біреуіне рұқсат қағазы бар, ал қалған екі қаруда өздерімен бірге рұқсат қағазы анықталмаған. Қазіргі уақытта Ақсу ауданының полиция бөліміне жеткіземіз қарудың заңсыз және заңдылығын тексеру үшін.

Ал мынау осыдан бірнеше күн бұрын «Қаратал» аңшылық шаруашылығында Көпірлік ауылының төрт тұрғыны қолға түскен сәт. Олар да беймезгіл уақытта заңсыз аң аулап, жабайы қабанды жайратып салған. 

Ильгам Клышбаев, Талдықорған ауданаралық аңшылар және балықшылар қоғамының қызметкері:

- 4 аңшылық қару мен атылған қабанды тәркілеп, Қаратал аудандық ішкі істер бөліміне тапсырдық. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу аяқталысымен материал сотқа жолданады.

Аталған екі заңсыз аң ату дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 337-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл бапқа сәйкес, заң бұзған азаматтарды 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Браконьерлердің әрбір дерек бойынша 250 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекетке келтірілген шығынды өтеп, айыппұл төлейтінін де айта кетейік. Жыл басынан бері Алматы облысында 11 заңсыз аң ату дерегі анықталған. Ал өткен жылы 80 әкімшілік, 6 қылмыстық іс қозғалыпты. Соның үшеуі  соттың қарауында жатыр.

Авторлар: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов