Павлодар облысында су тасқынына дайындық пысықталды

Павлодар облысында  көктемгі су тасқынына дайындық басталды. Қызыл судан зардап шегуі ықтимал 28 елді мекен анықталған.

Бөгеттерді көтеріп, ауылдардың айналасын  қоршауға арналған 41 мың 536 дана құм толтырылған қапшық, 40 мың тоннаға жуық инертті материал дайын. Жанар-жағармай қоры жеткілікті.  Барлық су өткізу құбырлары тазартылыпты. Биыл  жауын-шашын молынан түсті. Қазірдің өзінде 432 мың текше метрден аса қар шығарылған. Өткен жылдардағы су тасқыны кезеңдерінің сараптамасына сәйкес  су жайылуы мүмкін  жерлер  қатаң бақылауға алынып отыр. Су басуы ықтимал жерлерде 972 тұрғын үй орналасқан. Халық саны 3672 адам. Сонымен қатар  автомобиль жолдарының төрт учаскесі бар. Облыс  аумағында су басу кезеңіндегі төтенше жағдайларды жоюға жұмылдырылатын құралдар мен күштердің дайындығы  пысықталу үстінде.

Ернұр Өтегенов, облыстық ТЖ департаментінің бастығы:

- Су басу қаупі төнетін 28 елді мекен ерекше есепте тұр. Бұл атап айтсақ, Баянауыл ауданының Ащысу өзенінің бойында орналасқан елді мекендер және қазіргі жұмыс жүргізіп жатқан 101-республикалық маңызы бар жолда сол екі жол және Ақтоғай ауданының үш елді мекені. Ол Шұға, Жалаулы және Сілеті өзеніне қатысы бар Шолақсор елді мекені. Павлодар қаласы бойынша Ленинск және Кенжекөл  ауылы.