Петропавлдағы архивте 4,5 мың қылмыстық және азаматтық іс сақтаулы тұр

Солтүстік Қазақстан облысы сотының мұрағатында 4 жарым мың азаматтық және қылмыстық іс сақталған. Олардың арасында кеңестік кезеңге оқылған үкімдер де бар. Бұл құжаттар не үшін керек?

Қайғы мен қуаныш. Сотталу мен ақталу. Мына бір қораптардың артында заң алдында жауап берген адамдардың тағдыры тұр. Бұл Солтүстік Қазақстан облыстық сотында қаралған істер.   

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Мұрағаттағы ең атышулы қылмыстардың бірі мына бір іс қағаздарында жазылған. 2007 жылы Уәлиханов ауданында 3 жігіт 5 адамды аса қатігездікпен өлтірді. Олардың біреуі 5 жасар қыз. Қылмыскерлердің екеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылса, 18-ге толмаған үшіншісі 12 жылға сотталды.

Сот мұрағатында 1971-2010 жылдар аралығындағы істер бар. Мысалы, адам өлтірген қылмыскердің құжаттары ол босап шыққаннан кейін тағы 28 жыл осында тұрады. Қағаздар арнайы жағдайда сақталған.

Айман Есебаева, облыстық сот мұрағатының бас маманы:

- Іс қағаздарын сақтаудың белгілі бір тәртібі бар. Мысалы, бөлмедегі ауа температурасы 18 градус, ал ылғалдылығы 50 – 55 процент болуы шарт.

Судьялар бұл істерді жазасын өтеуші мерзімінен босап шығуға немесе істі қайта қарауға өтініш білдірсе пайдаланады. Олардың арасында тарихи құжаттар да бар.   

Владимир Кириленко, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

- Солтүстік Қазақстан облысының сотында алқа билердің қатысуымен еліміздегі алғашқы қылмыстық іс қаралды. 2007 жылы айыпталушы Суковых 15 жылға сотталды. Бүгінгі таңда бұл үкім біздің мұрағатта сақталған.

Сот мұрағаты – криминология тарихы. Өмір бойына сотталған адамдардың ісі де дәл солай. Осы қорапта мәңгі жатады. 

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев