Павлодарда үш жыл бойы көлік ұрлап жүрген 22 жастағы жігіт ұсталды

Павлодарда үш жыл бойы көлік ұрлап жүрген 22 жастағы жігіт ұсталды. Ол Ақсу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлады Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, күдікті қылмыс жасауға мұқият дайындалған және неміс өндірушісінің көлігін алдын ала таңдаған, сондай-ақ көлікті ұрлау бағытын жоспарлаған. 

«Ұрлықты сағат 02:00-ден 03:00-ге дейін жасағаны анықталды. Тек «Ауди 80» маркалы автокөліктерді айдап кетіп жүрген. Өйткені мұндай көліктердің қосалқы бөлшектері нарықта сұранысқа ие», - деді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Бастапқыда ол ұрланған көліктерден бөлшектерді таныстары арқылы сатып жүрген. Одан әрі OLX ақпараттық жүйесі және «Ауди» әуесқойлар тобы арқылы айласын іске асырған. 

Ұсталған кезде ер адамнан «Ауди» маркалы автокөліктердің кілттері мен гараждан «Ауди-80» маркалы автокөліктің қосалқы бөлшектері алынды. Сотқа дейінгі тергеу барысында жедел уәкілдер 2019, 2020 және 2021 жылғы қаңтарда Павлодар облысының аумағында  тіркелген автокөлік ұрлығының 6 фактісіне ұсталған ер адамның қатысы барын анықтады.

Барлық фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.