Ақтөбе облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз

Ақтөбе облысында эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақсыз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы аптада қауіпті індетті жұқтырғандар саны бірде өсіп, бірде төмендеген. Жағдай ушықпас үшін санитар дәрігерлер тұрғындарға тиісті қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Өткен тәулікте 13 адамнан коронавирус, тағы төртеуінен пневмония белгісі анықталған. Бүгінде өңірде 143 адам COVID-19-ға қарсы ем қабылдап жатыр. Арасында 9-сыныпта білім алатын бір оқушы да бар. Індетке қарсы 880 медицина қызметкері екпе салдырған. 21 ақпанда вакциналаудың екінші кезеңі басталады. Бұл үшін облысқа мың вакцина жеткізіледі.  

Мұхтар Сербаев, облыстық санитарлық-эпидбақылау департаменті басшысының орынбасары:

- 9 ақпанда 14 жағдай мысалы. Одан 12 ақпанда 23 жағдай болды, 14 ақпанда 13 жағдай болып, ауру тіркелуі әлсін-әлсін көтеріліп отыр. Сондықтан қазіргі таңда Ақтөбе облысы «жасыл» аймақта орналасқанымен, мен тағы да ескерткім келіп отыр. Барлық санитариялық шараларды бұлжытпай орындауға шақырамын.