СҚО-да 1200 адамға вакцина салынды

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаудың алғашқы кезеңі аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірге ақпанның бірі күні ресейлік екпенің 1200 дозасы жеткізілген-ді. Бүгінгі күні оның барлығы медицина қызметкерлеріне салынды. Енді алдағы аптада екпенің екінші компоненті жеткізіледі. Денсаулық сақтау басқармасы жарты жылда өңірде 80 мыңнан астам адамға вакцина салу жоспарланғанын айтада. Әрине, екпе алу әркімнің еркіндегі іс. Келесі кезеңде құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметшілер және білім беру саласының мамандары вакцина алады. Облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Өңір қазір «сары» аймақта тұр. Өткен тәулікте қауіпті індет 42 адамнан анықталды.

Құмар Күсемісов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Вакцина салдырғандардың жағдайлары жақсы. Ең бастысы, ешкімнен кері реакция анықталған жоқ. 22-інен бастап жаңағы 1200 азаматқа екпенің екінші компоненті қойылады. Кейін сәтін салса, екінші кезеңде Қазақстанда жасалған вакцина егіледі. Қазір ол үшін тіркеу жұмыстары жүргізіліп, келісімшарт жасалып жатыр.