БҚО-дағы республикалық маңыздағы автожолдар сапасы талапқа сай емес

Батыс Қазақстан облысында республикалық маңыздағы автожолдар жағдайы көңіл көншітпейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі қысқы күтіп ұстау жұмыстары талапқа сай жүргізілмейді. Көктайғақ жолда жандарын шүберекке түйіп жүрген жүргізушілер жауапты мекемелерге базынасын айтады. Өңірдегі жол сапасы сала мамандарын да алаңдатады. Жүргізушілер жанайқайын аймақтағы тілшіміз тыңдап қайтты. 

Марбек Молдағалиев, Алматы облысының тұрғыны:

- Жол қиын, не тазаламайды, не жөндемейді. Жол тайғақ, ештеңе төсемейді. Шекарадан басталғанда енді Қазақстанның жолы жаман. Қыста қиын.

Николай Алексеев, Беларусь республикасының азаматы:

- Осыған дейінгі рейс кезінде осы жолмен өттім. Қалың тұман болды. Ол кезде де жол өте тайғақ болған соң жүре алмай қалдық. Себебі өте қауіпті. Ал, шекараның Ресей аумағында жолды тазалайды, қажет заттардың уақытылы себілетінін көріп жүрміз.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Бұл – «Самара – Шымкент» автожолындағы жағдай. Шекарадағы «Сырым» бекетінен күніне мынңан аса жүк көлігі өтеді. Көптің көңілін күпті еткен көкейкесті мәселенің бірі күре жолдағы сірескен көктайғақ. Жүргізушілер жанайқайының себебін мамандардан білуге тырыстық.

Санжар Қабышев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» БҚО филиалының директоры:

- Біздің филиал биыл 30 шақты республикалық маңыздағы автомобиль жолдарына тексерістер жүргізген блатын. Сол кезде 20 шақты жол-құрылыс материалдары, яғни құмды-тұзды қоспа дейді, көктайғаққа қарсы материал алынып, соның бесеуі талапқа ай келпмеген болатын, 8%-тен 10%-ке аз болған болатын тұздың мөлшері. Біз қазір тұздың мөлшерін 10%-тен 16%-ке дейін үлкейткен болатынбыз.

Аймақтағы жолдардың жай-күйі қоғамдық ұйымдардың да назарында. Мәселен, «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері жыл басынан бері өңір жолдарының жағдайын білу мақсатында бірнеше мәрте тексеру өткізіпті. Анықталған кемшіліктер аз емес.

Лаура Қатиева, «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшесі:

- Қазіргі таңда біз «Самара – Шымкент»  трассасында мониторинг жүргізудеміз. Мониторинг барысында нақты жұмыстар атқарылмағанын байқауымызға болады. Жолда құм аралас тұз төселуі керек. Сол кейбір жолдарда болса, кейбір жолдарда жоқ екенін байқадық.

Нұрдәулет Сәмет, БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының  бірінші орынбасары:

- Сондықтан «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» тарапынан арнайы ұсыныс берілетін болады. «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басты мақсаты – осы жұмысқа қоғамдық бақылауды орнату. Себебі бұл жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді жолы. Анықталған кемшіліктер бойынша құзыретті ұсыныстар беріледі, мердігер компанияларға ұсыныстар беріледі.

Жолдың жағдайына жауапты компаниядан бұл мәселеге қатысты ақпарат алу мүмкін болмады. Ал, жыл басынан бері облыс жолдарында 25 жол-көлік оқиға тіркеліп, 7 адам көз жұмған. 59 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алды. «Апатты оқиғалардың көбі көктайғақ салдарынан болатыны жасырын емес», - дейді мамандар. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...