Жамбыл облысындағы Талас ауылының тұрғындары жайылымға жарымай отыр

Жамбыл облысы Талас ауданының тұрғындары мал жайылымынан тарығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орман шаруашылығы аумағы ауылдың іргесіне дейін жеткен. Ал, елді мекен айналасы жекенің иелігіне өтіп кеткен. Азын-аулақ малмен күн көріп отырған жұрт жайылым таппай, төрт түлігін қорада қамап ұстауға мәжбүр.

Аққұм ауылының тұрғындары қорадағы малын алысқа ұзатып жая алмайды. Өйткені төңіректе бос жатқан жайылым жоқ. Құмды ауылдың теріскейі орман шаруашылығының иелігінде болса, маңайдағы жер телімдерін ірі шаруа қожалықтары жалға алған. Қоршауда қалған жұрт төрт түліктің жайына алаңдап отыр.

Қоңқабай Әбдіразақов, Аққұм ауылының тұрғыны:

- Бұл ауыл ары қарай мал шығаруды қойды. Шығармайды. Қуалап тастайды бері қарай. Биыл енді сиырды ана жерге айдап қойдық, жантақтың басын кеміріп тұр. Жоқ шөп ауылдың айналасын жеп қойған. Мысалы қазір көтерем болып жатыр сиырлар. Оған шаруақожалықтар отыр. Мына жақта мынау отыр. Мына жақта 2-3 шаруақожалық бар. Осы шаруақожалықтарды әкімдіктің есебіне алса жерді, сонда бізге кішкене жайылым болар еді.

Ауылдық ағайын орман алқабына мал жаюға рұқсат беруді сұрап отыр. Олар жайылым мәселесін шешудің бірден-бір жолы осы деп санайды. Орман шаруашылығында талай жыл еңбек еткен Пәрімбек Бейсенов «бұл табиғи өртті де азайтуға мүмкіндік береді», дейді. Тәжірибелі ардагердің айтуынша, өрттің жиі шығуы алқаптарға мал жайылмағаннан болатын көрінеді.

Пәрімбек Бейсенов, Аққұм ауылының тұрғыны:

- Мал жоқ болса, шөп өсе берсе, мынандай шеңгел болады, сүйекті болады, не мал жемейді. Бұл іріленіп алады, шірінділерден өрт шығады. Бәрі тиісті кезде дұрыс пайдаланбағанның салдары. Ең құрығанда орман шаруашылығының есебінен соларға төленетін алымдарды төлеп отырып пайдалануға мүмкіндік жасаса, мұның өзі көмек.

Талас ауданында қазір 5 елді мекен жайылымға жарымай отыр. Әсіресе, Сәду Шәкіров ауылында мәселе өткір тұр. 6-7 жыл бұрын бұл ауылдың жайылымдық жерлері шаруақожалықтарға беріліп кеткен. Көктал ауылында да кезек күттірмейтін проблема осы. Әзірге жұртқа қанша көлемде жайылым керек екендігі нақты белгісіз. Зерттеліп бітпеген. Жергілікті әкімдік өкілдері «бұл ауылдардың мал өрісін ескермей жалға берілген жерлерді қайта қарауға кірістік», дейді.

Бақыт Қазанбасов, Талас ауданының әкімі:

- Ауылға жақын маңда алған себептері сол агробизнес 2020 бағдарламасымен бордақылауға баз қойсақ деген бағытта алған болатын. Енді екі-үш адам құрылысын бастаған. Біз айттық, «осы жеріңе лайықты жерді Таластың арғы жағынан тауып берейік, соған байланысты жерді қайтар» дедік.

Ауданда ауыл маңынан жер иемденген 4 шаруақожалықтың жері кері қайтарылмақ. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар әзірге жоспар күйінде тұр. Сондай-ақ Үшарал ауылындағы орман шаруашылығына өтіп кеткен 420 мың гектар жерді  қайтару үшін министрлікке хат жолданған. Бірақ бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...