Ақтаудағы қан орталығына донорлар қажет

Ақ халаттылардың айтуынша, былтыр аймақ карантинге жабылған кезеңде мұнда өз еркімен келушілер күрт азайып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір күніне әрі кетсе он шақты адам келіп, қан тапсырып жатыр. Алайда медициналық талдаулардан соң жартысына жуығы үйіне қайтарылады. Әртүрлі себептермен олардың қаны науқастарға құюға жарамайтын көрінеді.

Өңірлік қан орталығында қазір жағдай осындай. Орталық қызметкерлері бұған дейін тұрақты келіп жүрген азаматтарға телефон соғып, қан тапсыруын сұрайды. Олардың мекенжайы электронды базаға тіркелген. Ақ халаттылардың айтуынша, тәулігіне орта есеппен 50-дей адамға телефон шалынады. Алайда басым көпшілігі бас тартады. Бұған себеп, көпшілік орында сырқат жұқтырып алудан жасқанады.

21 жастағы студент Еркебұлан бұл жерге алғаш рет келіп тұр. Оған донор болу адам өмірін құтқарумен тең екенін досы ұғындырған. Жастайынан бірге өскен екі жігіт бүгін медициналық талдаудан сәтті өтіп, қан тапсырды. Сауапты іс жасаған қала тұрғыны орталыққа келер алдында бірнеше күн майлы ас ішпей, диета ұстағанын айтады. 

Еркебұлан Иман, донор:

– Досым осында әр 2 ай сайын тапсырып тұрады. 2 жыл болды. Карантин болған соң адамдар аз деді. Сосын келіп тапсырып тұрмын. Енді екі сайын тапсырып тұрамын және достарымды шақырамын.

Қан орталығында қазір 3 мыңдай адам есепте тұр. Қоныс аударуы немесе денсаулығына байланысты олардың саны үнемі өзгеріп тұрады. Нағыз қажет кезде донор тапшылығы туындамауы үшін орталық дәрігерлері биыл үгіт-насихат жұмыстарын жандандыруды жоспарлап отыр. 

Рафаэль Сәрсемалиев, облыстық қан орталығының директоры:

– Қанды сақтау мерзімі болады. Егер мұздатылса 1 жылға дейін, ал тоңазытқышта ұсталса 42-49 күнге дейін жарамды саналады. Расын айту керек, қазір жергілікті емханаларға қанды қажетті мөлшерде босатып отырмыз. Алайда алдағы уақытта тапшылық болуы да ықтимал. Осы себепті тұрғындарды қан тапсыруға шақыру мақсатында облыс бойынша әртүрлі акцияларды өткізуді шештік.

Орталық ұжымы қан компоненттерін сұранысына қарай облыстық және қалалық перзентханаға, орталық емхана мен көпсалалы балалар ауруханасына жөнелтіп отыр.

Айта кетейік, тегін қан тапсырған адамға 2 тәулікке жұмыстан босату туралы анықтама беріледі. Ал ақылы түрде болса, әр донациялау үшін 6 мың теңгедей ақша төленеді. Ең бастысы, донор болғысы келетін жан бірнеше күн алкогольді ішімдік пен темекіні қоюы керек. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев