Түркістан облысы Шыбыт ауылының тұрғындары жаңа мектеп салып беруді талап етіп отыр

Түркістан облысындағы Шыбыт ауылының тұрғындары жаңа мектеп салып беруді талап етіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі өткен ғасырдың 80-жылдары салынған бір қабатты ғимарат әбден ескірген. Балалардың заман талабына сай білім алуына ешқандай жағдай жасалмаған дейді ауыл жұрты.

Шыбыт – Бәйдібек ауданындағы шағын ғана ауыл. Мұнда мыңға жуық халық тұрады. Ауыл тұрғындарын көп жылдан бері мектеп мәселесі алаңдатады. Себебі жүзден аса бала оқитын білім ошағы заман талабына сай келмейді. Бір қабатты ғимарат апатты болмаса да, әбден ескірген. Балалар ойнайтын спорт алаңы да, асханасы да жоқ. Бұл мәселе бірнеше жылдан көтеріп келеміз, бірақ әзірге шешілер түрі жоқ деді ауыл тұрғындары.

Ташкенбек Биназаров, Шыбыт ауылының тұрғыны:

– Мектеп салынады деп айтқалы үш жыл болды. Жоспарда бар. Бірақ жылдан жылға салынбай қалып кетіп жатыр. Аудан әкімдігімен сөйлескенде жоспарда барсыздар, бірақ қаржы бөлінбей жатыр деді. Қаржы бөлінеді, сол кезде мектеп салынады деді. Мектеп өз деңгейінде шешімін таппай жатыр.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл нысан алғашында тұрғын үй ретінде салынған. Кейін уақыт өте келе мектепке айналдырылған. Жылда жамап-жасқап жөндеуден өткізгенімен көрер көзге қораш көрінетінін мұғалімдер мойындап отыр. 

Гүлжан Қалдыбаева, мектеп директоры:

– Спорт залымыз болғанда көбінде балалар сыртта ойнайды. Әрине жаңа мектеп салынса қуаныштымыз. Алдағы уақытта жаңа мектепте оқимыз деп үміттеніп отырмыз. Қазіргі таңда демде бітіп жатыр ғой. Бір жылда бітіп қалар деген үміттеміз.

Бұл мәселемен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшылары да жақсы таныс.

Рахымбек Жолаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

– Спорт залы, акт залы, қосымша білім беру жұмыстары, үйірмелерді ұйымдастыруға бұл мектептің жағдайы келмейді. Сондықтан бұл мәселеден хабардармыз. Қазір модульдік мектеп салу бойынша жаңа бағдарлама дайындалып жатыр. 100 орындық оқу корпусын салу бойынша республикалық бюджетке өтініш берілді. Осы ағымдағы жылдың аяғына дейін бюджеттік өтінім қабылданса, биыл салынып бітеді деген жоспарымыз бар.

Мұғалімдердің айтуынша, Шыбыт ауылының мектебі ескі, талапқа сай болмағанымен оқушылардың білім деңгейі жақсы. Олар өздерін облыста үздіктер қатарындамыз дейді.

Айта кетейік, Түркістан облысында апатты жағдайда 7 мектеп бар. Жауапты сала мамандары алдағы екі жылдың ішінде бұл мәселені түбегейлі шешеміз деп отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы