Ақтөбе облысында шектеу шаралары жеңілдетілді

Ақтөбе облысында кейбір нысандар мен қызмет көрсету орындарының жұмыс істеуіне рұқсат берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап айтқанда, енді ауылдық жерлердегі мешіттерде жұма намазын өткізуге болады. Бірақ арақашықтықты сақтау, қорғаныш құралдарын қолдану секілді талаптар қатаң ескерілуі керек. Сондай-ақ құлшылық жасайтын орында келушілердің қатары 25 проценттен аспауы керек. Бұдан өзге, орта және жоғарғы оқу орындарындағы асханалардың жұмыс істеуіне де рұқсат беріліп отыр. Карантиндік шаралары енгізілгелі бері білім ұяларындағы тамақтану орындары қызметін тоқтатқан еді. Өңірдің бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысында тағы да бірнеше нысанның жұмыс істеуіне жеңілдік берілген. Ал той-садақа секілді көпшіліктің қатысуымен өтетін өзге де шараларға салынған тыйым өз күшінде қалды.

Гүлбану Дәулетова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Театр, кинотеатр, концерттік залдарға толымдылығы 50 пайызға дейін рұқсат етілді. Бұрыңғы қаулыға сәйкес, толымдылығы 30 пайыздан аспау керек еді. Сонымен қатар сауда ойын-сауық орталықтарындағы мұз айдындарына 50 пайыз толымдылығы болған жағдайда рұқсат берілді.