Петропавлда жас дәрігерлерге 2,5 млн теңге көтермелеу ақысы төленеді

Солтүстік Қазақстан облысында жас дәрігерлерді көтермелеу ақысы жоғарылады. Биыл оқуын жаңа бітіріп келген мамандарға 2 жарым млн теңге беріледі. Бұл кадр тапшылығын шешуге қалай ықпал етеді? Өңірде қанша дәрігер жетіспейді?

Бұл Петропавлдағы ең ірі емхана. 82 мың адам тіркелген. Пандемия кезінде дәрігерлердің жұмысы тіптен қиындап кетті. Сондықтан кейбір мамандар басқа емдеу мекемелерінен келіп кетіп қабылдау жүргізеді.  

Жеңіс Әбілов, қалалық №2 емхананың бас дәрігері:

- Былтыр 2 кардиолог келді. Бір невролог келді. Сосын 4 терапевт келді. Бізге 17 маман жетіспейді. Ол 6 дәрігер жалпы. Сосын хирург мамандар, рентгенолог, кардиолог, ЛОР. Үш акушер-гинеколог жетіспейді. 

Бұл жалғыз №2 емхананың жағдайы емес. Өңірде барлығы 250 медициналық маман жетіспейді. Олар негізінен жалпы тәжірбиелі дәрігерлер. Жергілікті билік өкілдері кадр тапшылығын шешу үшін көтермеақы мөлшерін өсіріп отыр. Ол қалаға да, ауданға да бірдей беріледі. 

Гүлнәр Қалиева, денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Биылдан бастап енді өткенде облыс әкімі өзінің есептік кездесуінде айтып кеткендей, 2,5 млн теңге көтерме ақы тағайындалып отыр. Қазіргі кезде қаржылық – есептеу жұмыстары жүргізілуде. Ереже, барлық жалпы тәртібі бекітілгеннен кейін мамандарды қабылдау басталатын болады енді. 

Былтыр облыс 72 жас маманмен толықты. Дені аудандарға кетті. Келем деушілерге қызметтік тұрғын үй беру жағы да қарастырылған. 

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев