Алматыда итальян дәрігері балалардың көмей ісігіне операция жасап жатыр

Алматыда италиялық дәрігер Роберто Пужеду тыныс алу және сөйлеу қабілетінен айырылған балаларға операция жасап жатыр. Арнайы шақырумен келген маман шеберлік дәріс өткізіп, 15 балаға операция жасайды. Медицинасы дамыған елдердің дәрігерлері машықтанған күрделі операцияны еліміздің мамандары да қолға алады. Өйткені балалар арасында көмей папилломатозы ауруы жиілеген.

Алматыдағы «Ақсай» балалар ауруханасына еліміздің түкпір-түпірінен дімкәс балалар жиналған. Барлығының ауруы бірдей – көмей папилломатозы. Туа немесе жүре біткен көмей ісігі бүлдіршіндерді тыныс алу мен сөйлеу қабілетінен айырады екен. Алматы облысынан келген Жәбия Төлегенованың сәбиі туған сәттен өз еркімен дем ала алмаған. Өңешіне арнайы түтікше қойылған 1 жастағы Зереге осындай бірегей операция жасалды. 

Жәбия Төлегенова, Алматы облысының тұрғыны:

- Көп аурып қалады көбіне трубка шығып тұрғандықтан. Сондықтан біз әр қыста он күн сайын ауруханаға жатып жүргенбіз. Анадан сұраймын, мынадан сұраймын, ешкім ештеңе айта алмайды. Сосын мына кісіге келіп, ларингоскопиядан көргеннен кейін маған осындай үміт сыйлады.

Италиядан келген білікті дәрігер Роберто Пужеду  бірнеше күнде 15 балаға операция жасайды.

Дәрігердің айтуынша, өткен тәуліктегі 4 бүлдіршіннің операциясы сәтті болды. Арнайы түтікпен әрең тыныс алатын балдырғандардың өңешіндегі ісік тазаланып, жараның орыны қабырғадан алынатын шеміршекпен жабылады. Мұндай күрделі операция әзірге отандық мамандардың қолынан келмейді.

Роберто Пужеду, дәрігер /Италия/:

- Біз Қазақстанға төртінші рет келіп отырмыз. Бүгінге күнге дейінгі операциялардың 90 проценті сәтті өтті. Көптеген пациенттердің көмей папилломатозы ауруы асқынып кеткен. Негізгі операциядан соң 1-2 ай өткеннен кейін екінші операцияда арнайы түтік алынады. Әрі қарай пациенттер өз еркімен демалып, сөйлей алады.

Айгүл Медеуова, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ кафедра меңгерушісі:

- Кеше төрт балаға жасадық, бүгін 5 баланы дайындадық. Енді бастысы, папилломатоз өсінділерін алып, бірден вирусқа қарсы дәріні енгізу. Ол дәрі біздің елімізде тіркелмеген болғандықтан бізге қиын болып тұр. Енді сол дәріні қолданғаннан кейін 2019 жылдан бастап көп балаларда ремиссия кезеңі ұзарды. Жазылған балалар да бар, кәдімгі есептен алынған балалар да бар.

Роберто Пужеду өзінің мол тәжірибесімен отандық дәрігерлермен де бөліседі. «Ақсай» балалар ауруханасындағы күрделі операцияның ақысы қайырымдылық қор арқылы төленеді.

Авторлар: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон