Қорғаныс саласының мамандары санитарлық талаптарды қатаң сақтайды

Бірқатар өңір «қызыл» аймақтан шыққанымен, елдегі қорғаныс саласының мамандары санитарлық талаптарды қатаң сақтайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Әуе қорғанысы күштерінің қызметкерлері медициналық бетперде тағу, антисептик пайдалану және әлеуметтік қашықтықты сақтау сынды сақтық шараларына мұқият қарайды.Ақмола облысындағы әскери бөлімдердің бірінде болған арна тілшісі осыған көз жеткізді.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Көк аспан сақшылары әскери қауіпсіздікпен қатар санитарлық сақтық шараларын да сақтап келеді. Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің Ақмола облысындағы әскери бөлімі де бұл талаптан аттаған емес. Казарма үй-жайларында тазалықты сақтау күшейтілді. Бұрын бір бөлмеде 14-15 әскери қызметші жатқан болса, қазір 9-8 адамға дейін қысқартылды.

Мират Уашпаев, ҚР ҚК ӘҚК «С-300 ЗРК» дивизионы тобының командирі:

- Екі сағатта бір рет сарбаздардың бетперделері ауыстырылады. Және де дезинфекциялық заттармен үй-жайлар залалсыздандырылады. Бөлім аумағына әскери қызметшілер қатаң дене қызуын тексеру арқылы өткізіледі. Егер де ауру белгілері белгіленген жағдайда жедел түрде оқшауландыру жұмыстары жүргізіледі.

Әскери бөлім аумағының әр бұрышында санитарлық бекеттер орналасқан. Жауынгерлік дайындық сабақтары кезінде де әлеуметтік арақашықтық сақталады. Қосымша кабинеттер ашылып, сабақ уақыты 50 минуттан 40 минутқа дейін қысқартылды. Сарбаздар астанар алдында міндетті түрде антисептик қолданады. Медициналық тексерістен де уақтылы өтіп отырады.

Айгүл Қабаева, ҚР ҚК ӘҚК әскери бөлім фелдьшері:

- Дене тексерісі өткізіледі күнделікті. Дене қызуы күніне 2 рет тексеріледі. Таңертең және кешкі уақытта. Дене қызуы жоғары болса, изоляторға алып кетеді. Маска кигізіп, командир бригадасына хабарлап, оқшауланамыз.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Еліміздің әуе кеңістігін қорғайтын кешендердің бірі – мына менің ту сыртымда тұрған С-300. Оның артындағы зымырандарының ұшу қашықтығы 75 мың метр болса, ұшу биіктігі 27 мың метрді құрайды.

Аппараттық контейнердегі зымырандардың ұшу жылдамдығы секундына 2 мың метр. Зенитті-ракеталық кешен жылжымалы дизельдік электр станциясы арқылы автономдық режимде де жұмыс істей алады. Шағын биіктікті 360 градус айнала шолып отыратын тапқыш-құрылғы мен жарық түсіру арқылы дәлдейтін радиолокатор тәулік бойы дамылсыз қызмет етеді.

Суният СОвет, қатардағы жауынгер:

- Полигонға атуға барамыз. Тәуліктік наряд кезекшілікте тұрамыз. Мен осы Әуе қорғанысы күштерінде қызмет өткергеніме өте қуаныштымын.

Айта кеткен жөн, Әуе қорғанысы күштеріне қарасты дивизионның жеке құрамы биыл жазда ТМД елдерінің халықаралық әскери оқу жаттығуларына қатысады. Біріншісі тамыз айында Сарышағанда, екіншісі қыркүйекте Ресейдегі Астрахань облысының Ашулық полигонында өтеді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ербол Даиров