Маңғыстаулық фермерлер көктемгі егін науқанына дайындықты бастай алмай отыр

Маңғыстаулық фермерлер көктемгі егін науқанына әзірлігін бастай алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі жұмысшы жоқ. Бүгінде 60-тан астам жеке шаруашылықта дәл осындай мәселе туындаған. Жыл сайын далалық жерде және жылыжайда көкөніс егумен көрші елден келетін азаматтар айналысатын. Былтыр карантин кезеңінде олар хабарсыз қалады. Ал жергілікті тұрғындардың күрек ұстап, топырақ қопсытуға құлықсыз.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Фермер Төлеген Жалмұрат 10 гектар жерге бау-бақша егіп отыр. Айтуынша, бұған дейін тек бір түп алма ағашынан 10 келідей жеміс жинайтын. Былтыр бақ күтіміне жалданатын қара жұмысшы таба алмауы себепті жылдағыдай мол өнім ала алмапты. Өз бетімен жинап алған жеміс-жидекті кептіріп сатуға тура келген.

Төлеген Жалмұрат, жеке шаруа қожалығының иесі:

- Маған 10-12 адам керек. Біздер былтыр дым да еге алмай қалдық. Мына бақтың ішіндегі шөбін оратын адам таба алмай қалдық. Қарақалпақ, өзбек, қырғыз ағайындар келіп жұмыс жасайды, соларға біздер тәуелдіміз.

Екі жыл бұрын өңірге көрші мемлекеттерден 72 мыңнан астам адам келіп, жұмыс істеген. Бір ғана Қарақия ауданына екі мыңдай шетелдік азамат уақытша аялдап, екі қолға бір күрек тапқан екен. Ал аймақта тұрақты жұмысы жоқ жергілікті тұрғын саны 16 мыңнан асады. Барлығы дерлік мұнай-газ өндіру саласында жұмыс істегісі келеді.

Марш Нұрланов, жеке шаруа қожалығының иесі:

- Үлгермейміз ғой ал енді не істейсің? Дым да істей алмаймыз. Кешігіп жатырмыз. Шешілмесе, егін қысқарады ғой. Басқа не істейміз.

Айта кетейік, Маңғыстау облысындағы 60-тан астам жеке шаруашылықтың басым көпшілігі Қарақия ауданында орналасқан. Фермерлердің сөзіне сенсек, 2019 жылы далалық алқап пен жылыжайларды қоса алғанда 6 мың тоннадай көкөніс жиналған. Ал өткен жылғы көрсеткіш 1,5 мың тоннаға да жетпейді. Тағы бір мәселе – жылу тартылған жылыжайлар саны саусақпен санарлықтай.

Сымбат Төретаев, Қарақия ауданы әкімінің орынбасары:

- Үкіметтік ведомствоаралық комиссияда осы сұрақты көтеріп, шаруашылықтарға жеңілдік жасап, жұмыс көзін тартуға әрбір шаруа қожалықтың сұранысына сәйкес ауылшаруашылық басқармасына хат дайындап, ұсыныс беріп жатырмыз.

Жоспар бойынша биыл Қарақия ауданында Жетібайдан Құрық ауылына дейін газ құбыры тартылуы тиіс. Сол уақытта егін салып, көкөніс өсіріп отырған фермерлер де көгілдір отынмен қамтылады деп күтілуде.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев