«Хабар» ұжымы Нұртілеу Иманғалиұлының жақындарына қайғырып көңіл айтады

Қазақ қоғамы ауыр қазаға душар болды.

70 жасқа қараған шағында қазақ журналистикасының көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлы дүниеден өтті. Ол 45 жыл ғұмырын телевизия саласына арнады. Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы 1 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын қатардағы тілші болудан бастап, медиа саласындағы басшылық қызметтерге дейін көтерілді. Дарынды қабілеті, кәсіби білігі, өзіне тән мәнерімен, шыншылдығымен ерекшеленді. «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» сынды авторлық бағдарламалары көрермен есінде қалды. Қазақ телевизиясында редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып жұмыс істеген. 2006-2007 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, одан кейінгі жылдары басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды. Дүниеден өтер-өткенше авторлық бағдарламасын жүргізді. Нұртілеу ағамыздың жарқын бейнесі ел есінде сақталады.

«Хабар» Агенттігінің басшылығы мен ұжымы Нұртілеу Иманғалиұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.