Созақ ауданының тұрғыны қоян өсіріп табысқа кенелмек

Түркістан облысының Созақ ауданында қоян шаруашылығымен айналысатын азаматтардың қатары артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен өткен жылы мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының «Бастау бизнес» жобасы аясында ерекше бизнес-идеяларды жүзеге асыруға ниетті 397 адамға 555 мың теңгеден қайтарымсыз грант берілген. Қаржылай қолдауға ие болғандардың арасында аз қамтылған отбасы мүшелері, мүгедектер және бұрын сотталған азаматтар бар. Руслан Оңасынов жазасын өтеп шыққан соң қоян шаруашылығын дамытуды жоспарлайды. Алайда ол үшін қомақты қаржы керек. Ол бірдан «Бастау бизнес» жобасы аясында 1 ай оқып, өз жобасын қорғады. Грант ұтып алғаннан кейін кәсібін ашады. Қазір 35 бас қоян сатып алып, көбейтіп жатыр. Істің көзін білетін жігіт табыссыз болмайтынына сенімді.

Руслан Оңасынов, Созақ ауданының тұрғыны:

- Қарау қиын емес, жем-шөбі болса болды. Сәбізі бар, бидайы бар, жоңыршқа ғой негізгісі. Тапсырыс көп, бірақ қазір сатып жатқан жоқпын. Алдымен 200 басқа дейін көбейтіп алу керек болып тұр. Терісін киім тігу үшін сұрап жатқандар бар. Жақсы, бағуға болады. Үлкейтіп, жұмысшы аламыз әлі.

Ақмарал Төлепбергенова, Созақ аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

- Созақ ауданында қоян шаруашылығын дамытуға 4, бөдене өсіру мақсатында 2 азамат қайтарымсыз несие алды. Осындай жаңа бизнес идеяларды дамыту үшін өз кәсіптерін дамытып отырған отбасылар бар. 2021 жылы 70 азаматқа гарант беру жоспарланып отыр. Азаматтардың сұранысына қарай көбейеді деген жоспардамыз.