Түркістан облысында 200-ге жуық адам көкпар тартуға жиналған

Түркістан облысында карантин кезінде 200-ге жуық адамның басын қосып, көкпар ұйымдастырғандар анықталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Жетісай АПБ-нің қызметкерлері күнделікті рейдтік шаралар жүргізу барысында белгісіз адамдардың көкпар ұйымдастырғаны туралы таралған бейнежазбаны назарға алды.

Болған жайтты бірден тексеруге кіріскен тәртіп сақшылары көкпардың Жетісай ауданы Жамбыл елдімекенінде болғанын анықтады. Яғни ауыл тұрғыны егістік алқапта карантин талаптарын бұзып, 200-ге жуық адамның басын қосып, көкпар ұйымдастырған.

Бүгінде іс-шараны ұйымдастырушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша құжаттар жинақталып, СЭС-ке жолданды.