Оралда автотұрақтар жетіспейді

Көп қабатты үйлердің ауласында көлік қоятын орын тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар көшелер мен әлеуметтік нысандарда да осындай келеңсіздік туындап отыр. Қала жыл санап кеңейген сайын темір тұлпарлар саны да артқаны рас. Алайда автотұрақтар көбейетін емес.

Өрт сөндірушілердің айтқан уәжі бұл. Кейбір көп пәтерлі үйлердің ауласына ауыр техникалар кіре алмайды. Өйткені тұрғындар көліктерін ретсіз қойып кетеді. Салдарынан оқыс жағдайлар кезінде құтқарушылар біраз уақыт жоғалтып алады. Оның үстіне бірқатар ауланың кіреберісіне тұрғындар бетон-блок орнатқан.

Әсет Аманғожиев, облыстық ТЖД аға инженері:

- Өрт болған жағдайда автосатымыз кіріп, яғни, оған қарсы қою керек. Оны қою үшін мына шлагбаундар кедергі жасайды. Блоктарды айналып өту үшін басқа кварталмен айналып келу керек болады.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Әрине, көп қабатты үйлердің ауласында автотұрақтар қарастырылған. Алайда олардың аумағы тар екеніне шағымданады тұрғындар. Кейбір тұрғындар автотұраққа көліктері сыймағандықтан, мынадай подъездтің алдына қоюға мәжбүр. Алайда ол үшін әкімшілік жауапқа тартылулары мүмкін.

Сондай-ақ жүргізушілер аула түгілі басты көшелерде де, әлеуметтік нысандар жанында да автотұрақтар жетіспейтініне қынжылады.

Әлібек Мәжитов, көлік жүргізушісі:

- Автотұрақтарда орын бола бермейді. Мәселен, мен емханаға келіп тұрмын. Мен амалдың жоқтығынан көлігімді мүгедектерге арналған орынға қойдым. Сол үшін полицейлер әкімшілік хаттама толтырды.

Сәулет бөлімінің мамандары шаһарда автотұрақтар жетіспейтінін жасырмады. Олар келешек еншісіндегі ғимараттардың жобасын әзірлеуде бұл кемшіліктер ескерілетінін айтты.

Ботагөз Түстікбай, қалалық сәулет бөлімі басшысының орынбасары:

- Бізге келіп түсіп жатқан жаңа құрылыс нысандарына рұқсат алу қағаздарына біз бірден автотұрақ қарастыруды талап етеміз. Автотұрақ орны қарастырылмаған болса, келісімнен өтпейді. Болашақта мысалы, жерасты тұрақтарын салу мүмкін.

Аймақта көліктер саны күрт көбеюде. Полиция департаментінің мәліметінше, былтыр 142 985 көлік болса, биыл олардың саны тағы 1 мыңға артты. Құрылыс саласының мамандары көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлесін автотұрақ ретінде қолдану ұсынысын да талқылап жатыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...