Елордада «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ашылуы өтті

Елордада Алик Шпекбаев пен Ахметжан Есімовтің қатысуымен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ашылуы өтті.

Жобалық кеңсе сыбайлас жемқорлық алғышарттарын жою, парасаттылық идеологиясын ілгерілету және «Самұрық-Қазына» қоры компаниялары тобының корпоративтік басқаруындағы қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында құрылған.

Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлерді қолдау форумы барысында қор нысандарын 2025 жылға дейін тиімді және ашық жекешелендірудің міндетті құралы ретінде қоғамдық бақылауды атап өтті.

Бірлескен іс-шараларды талқылау барысында А.Есімов қор мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыруға белсенді қатысып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшырайтын барлық бизнес процестерге егжей-тегжейлі талдау жүргізетінін атап өтті. Холдинг осы салада үлкен тәжірибе жинақтады.

«Бір көзден сатып алуды өткізу үшін барлық негіздер түбегейлі қайта қаралды. Осының есебінен тек соңғы жылдары бір көзден сатып алу 5 есе қысқарып, бәсекелі сатып алу саны 6 есеге артты. Бұл бизнес үшін олардың ашықтығын қамтамасыз ете отырып, бәсекелестік ортаны едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді», - деді А.Есімов.

Ол маңызды міндеттердің бірі жоғары білікті мамандарды ашық жалдауды қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ол үшін кандидаттарды іріктеудің, соның ішінде тәуелсіз тестілеу мен жеке қасиеттерін бағалаудың көпсатылы жүйесі енгізілді.

Өз кезегінде Антикор басшысы А.Шпекбаев қордың «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы маңызды өзгерістерді бастауға және парасаттылықты насихаттауға ұмтылысын оң бағалады.

Іс-шара соңында тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.