Шымкентте жазасын өтеушінің арыз-шағымы онлайн қабылданады

Шымкентте түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар арыз-шағымдарын тиісті уәкілетті органдарға онлайн жолдай алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қаладағы барлық түрмелерде арнайы терминалдар орнатылды. Электронды құрылғы жазасын өтеушіні жеке сәйкестендіру номерінен бөлек, саусақ таңбаларынан да анықтай алады. Сканерлеуді аяқтаған соң терминал сотталушының арызын қабылдап, арнайы талон береді. Ең бастысы, мәліметтердің құпиялығы сақталады. Сотталғандар өтініш-шағымдарының жауабын да терминал арқылы алуына болады. Бұл заңбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді дейді мамандар. Терминалды пайдаланған жазасын өтеушілердің алғашқылары прокурордың жеке қабылдауында болды.

Бақытжан Байғозиев, қалалық прокуратураның басқарма бастығы:

- Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша Шымкент қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп түзеу мекемелерде электрондық терминалдарды орнату және оларды іске қосу жобасы аяқталды. Терминалдар мекемелерде арнайы бейне-камералармен жабдықталған. Сотталғандарға қолжетімді бөлмелерге орнатылды және тиісті мемлекеттік органдардың интернет порталы жүйесіне тіркелді.

Ардақ Баубекова, жазасын өтеуші:

-Терминал бізге қолайлы әрі қолжетімді десем де болады. Себебі мен өзімнің шартты түрде мерзімімнен бұрын босату бойынша бір-екі сұрақтарым болған болатын. Соны Шымкент қаласының прокурорына жеке қабылдауын сұрап жібердім. Бүгін қабылдауда болдым. Ол кісі маған түсіндірме жұмысын жүргізді. Өзіме керек ақпарат бойынша сұрағыма жауап алдым.