Көкшетау жұрты бірнеше жылдан бері таза суға жарымай отыр

Тіршілік нәрі үздіксіз ағып тұр, бірақ сапасы сын көтермейді дейді тұрғындар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт суды тұндырып алған соң ғана тұтынады. Оның өзінде ішуге емес, кір-қоңын жууға пайдаланады.

Батталовтар әулеті үшін бір шәугім шай қайнатудың өзі машақат. Жасы 80-ге келген отанасы Анна әлі күнге әупірімдеп ауыз суды сырттан тасиды. Ал үйдегі су ішуге мүлде жарамайды. Кермек татиды. Кейде тіпті арасынан қоқыс шығады деп күйінеді кейуана.

Анна Батталова, зейнеткер:

– Суды жинап алған соң, осылай тұндырып қоямыз. Бірақ ішпейміз. Тек жуынуға пайдаланамыз. Сапасыз су үшін ай сайын ақша да төлеп отырмыз.

Петр Батталов, зейнеткер:

– Көктемде тіпті лайланып кетеді. Бұрын су жақсы еді, сапасы жылдан жылға нашарлап бара жатыр. Судың құрамында хлор көп. Бұл сумен дәрі де іше алмаймын.

Амалы таусылған тұрғындар суды көше бойындағы құдықтардан әкеледі. Алайда тасып ішкен су түрлі аурудың тарауына түрткі бола ма деп қауіптенеді. Бірақ басқа шара жоқ. Ал дүкендерде қара су литріне 10 теңгеден саудаланып жатыр. Оны сатып алуға бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Есесіне, мұны өз пайдасына жаратып жатқандар да бар. Олар өз ауласына қондырғылар орнатып, су сатуды бизнеске айналдырған.

Төлеухан Орынбаев, қала тұрғыны:

– 5 литрін 15 теңгеге сатып аламыз. 8 баклашка 1 жұмаға бір. Әдетте мұнда адам көп болады. Талай рет кезекке тұрдық.

Қалаға тіршілік нәрі Шағалалы және Сергеев су қоймасынан келеді. Жиналған су мына гидроцехта тазартылады. Алайда 50 жыл бұрын іске қосылған нысан әбден ескірген. Құрылғылар да әрең жұмыс істеп  тұр.

Назерке Тоқжан, тілші:

– Жаңа су тазарту бекетін салу әуелден жоспарда болған. 2009 жылы бұл іс қолға алынып, алайда белгісіз себептермен аяқсыз қалыпты. Міне, мына менің артымдағы алаңда бой көтеруі тиіс еді. Былтыр, яғни араға бақандай 7 жыл салып, құрылыс қайта басталған.

Ермек Өмірғалиев, «Көкшетау су арнасы» мекемесінің бас директоры:

–Келетін суды қанша тазартқанымен, құбыр ескі болғандықтан ол тұтынушыға жеткенше лайланады. Қала бойынша су желісінің жалпы ұзындығы 350 шақырым болса, соның 40 проценті шіріп тұр. Мәселені шешу үшін 5 жылға арналған арнайы бағдарлама жасалды. Оған сәйкес, бұрынғы тозығы жеткен шойын құбырлар түгелдей полителенге ауыстырылады.

Судың қорлығы өткен тұрғындар есептік кездесуде мәселені тағы көтерді.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

– Бірнеше жылға созылған жобаға 2018 жылы түзетулер енгізілді. Былтыр 200 млн теңге қаржы бөлініп, іске кірістік. Биыл тағы 800 млн теңге бөлінеді. Бірақ ол жеткіліксіз. Су тазарту бекетін жаңалау үшін әлі 2,5 млрд теңгедей қаражат керек. Менің ойымша, халық ең әрісі 2024 жылы сапалы суға қол жеткізеді.

Онсыз да талайдан бері таза судан тарығып отырған көкшеліктерге тағы 3 жыл күтуге тура келеді. Тек бұл жолы атқамінерлер берген уәдесінен айнып кетпесе болғаны дейді олар.

Назерке Тоқжан, Евгений Шинкоренко