Қарағандыда жазда жөнделген үйдің шатырынан су кетті

Қарағандыда өткен жазда ғана жөнделген көпқабатты үйдің шатырынан су кетіп, бірнеше пәтер бүлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан сыз тартқан қабырғалар көгеріп, түсқағаздар түсіп жатыр.

Талғат Бөкебаев, қала тұрғыны:

– Бұл үйді өткен ғасырдың ортасында жапондар салған. Өте сапалы. Әкімшілік жөндейміз деп бүлдірмегенде әлі де 100 жыл тұрар ма еді. Енді сыз тартқан қабырғадан бір күні төбесі опырылып түсе ме деп қауіптеніп отырмыз.

Талғат Бөкебаев пәтерін сатуға дайындап, жуырда ғана күрделі жөндеу жүргізіпті. Енді еңбегі зая кеткенімен қоймай, қаншама шығынға батып отыр. Сондықтан мердігерді сотқа бермекші. Ең қызығы, бұл баспананың қабырғасы мен шатыры былтыр ғана қаланы абаттандыру бағдарламасы бойынша жаңартылған еді. Сол кезде жергілікті билік құрылыс жұмысын оң бағалап, қабылдап алған. Бірақ көктемде тәуелсіз маман жалдап, жұмыстың сапасын тағы бір тексертеді. Мердігер болған жайға тұрғындардың өзін кінәлайды.

Андрей Гречевский, мердігер компания өкілі:

– Бірнеше пәтерге су кеткен. Біз өз есебімізден шатырдағы қарды тазартып, суды тоқтаттық. Ал негізінен бұл жұмыс – пәтер иелері кооперативінің тікелей міндеті. Осыдан бір жарым ай бұрын біз оларға және тұрғындарға қардың күрт еруіне байланысты су ағуы мүмкін екенін ескерткен болатынбыз. Өкінішке қарай, ешкім құлақ аспады. Енді тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Егер құрылыс сапасынан кемшілік тапса, біз қалпына келтіруге дайынбыз.