Бұқтырмаға салынатын көпір құрылысына тек отандық өнім қолданылады

Сондықтан нысан маңында екі бетон зауытын салу жоспарланып отыр.

Инженерлік конструкцияның тағы бір ерекшелігі – ол аралық жылжыту тәсілімен салынады. Мамандардың айтуынша, басқаларға қарағанда бұл әдіс жұмысты екі есе жылдамдатады.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Мұздың үстімен өтіп бара жатырмыз. Мұндай тәуекелі көп жолдың өз ережелері бар. Ең алдымен қауіпсіздік белбеулері шешулі болу керек. Және есіктің тұтқасын ұстап, ашуға дайын отырған дұрыс. Бұл енді алда-жалда мұз сөгіліп кетсе, сыртқа секіріп шығуға дайын болу үшін қажетті сақтық. Айтпақшы көлікте музыканы қатты қоюға болмайды. Осылайша, әр жолаушы арғы бетке жеткенше, жанын шүберекке түйіп өтеді.

Көпір салынғалы жатқан жағалауға жету үшін бізге де жанымызды шүберекке түйіп, Бұқтырма мұз айдынымен өтуге тура келді. Өйтпеске амал жоқ. Күршім ауданымен жағалауды жалғап жүрген қос паром қаңтарылып тұр. Мұз көбесі сөгілгенше осы. Айтпақшы, қазір мұздың қалыңдығы 70см-ден асады.

Біз қазір Бұқтырманың үстінен салынатын болашақ көпірдің үстінде тұрмыз деуге болады. Бұл жерде соңғы 17-ші тіректер қағылады. Алайда құрылыстың өзі осы жақтан басталады, неге десеңіз, арғы бетке жол салынбаған, мамандардың айтуынша ол жақта әлі 16 шақырым жол төселу керек.

Қыстың көзі қырауда бұл жердегі жұмыс қызу. Құрылыс уақтылы басталып, үздіксіз жүруі үшін барлық әзірлік жасалып жатыр.

Қайырғазы Рахимов, механизатор:

– Қуаныштымын, балаларым, немерелерім жүреді бұл жолмен. Суық, бірақ істеп жүрміз, климат жақсы, таза ауа, судың жағасында.

Бүкіл шаруаға Нигматулла Абдулхақов басшылық етіп жүр. Ол өз өмірінде талай гидроқұрылғы салып, талай жағаларды жалғаған, көпір салу ісінің нағыз шебері. 35 жылдық тәжірибесі бар.

Кәсібіне деген құрметтен болар, ұзындығы 1300 метр болатын Бұқтырма көпірін салу туралы ұсыныс түскенде ол ойланбастан келісіпті.

Бірегей көпір аралық жылжыту тәсілімен салынады. Дәл осы жобада содан тиімдісі жоқ көрінеді.

Нигматулла Абдулхақов, құрылыс жетекшісі:

– Көпір құрылысы шынымен де ерекше.1300 метрді біз аралық жылжыту әдісі арқылы салып шығамыз. Бұл дәл осы тәсілмен салынатын Қазақстандағы ең ұзын көпір болмақ. Мұнда уақытша көпір құрылысы да қатар жүреді. Барлық жұмыс сол уақытша көпір үстінен істеледі. Оны да, аралықтарды да жылжытып отырамыз.

Бетон зауытын былай қойғанда, бұл жерде инертті материалдар сақталатын қойма, 250 жұмысшы тұратын қалашық та бой көтереді. Қазір алаңқайға электр желісі тартылып жатыр. Жол да салынуда.

Ақ қар көк мұзда жол салып жатқандары несі деген сын пікірлер де айтылып жатыр бұл күнде. Бірақ бұл технологиялық жол. Көктемде негізгі жұмыстар уақтылы әрі жылдам басталу үшін бұл маңызы зор.

Жалпы көпір құрылымына 55 мың тонна металл жұмсалады. Әрбір қадаудың дөп түсіп, берік болуы шарт. Өйткені бүкіл жұмыстың сапасы соған байланысты.

Нигматулла Абдулхақов, құрылыс жетекшісі:

– Аса жауапты іс. Өйткені толқын қатты болатын кездер бар. Аралықтар сырғып кетуге бейім тұрады. Сондықтан әу бастан барлық есептеулерді дәлдікпен әрі өте мұқият істеу маңызды.

Сонымен алып көпірдің алғашқы тіреуі қадалатын күн де алыс емес. Құрылыс жұмысы егер қаржылық кедергі болмаса, 2025 жылы толық аяқталады. Айтпақшы, бұл көпірдің салынуын Күршім ауданының халқы жарты ғасырдан астам уақыт күтумен жүр.

Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов