Шымкенттегі жаңа әуежай терминалы күзде ашылады

Қазан айында Шымкентте сағатына 2000 жолаушыны өткізе алатын халықаралық әуежайдың жаңа терминалы іске қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет басшысы бүгін осы ғимараттың құрылысымен танысты. Асқар Мамин «Шымкент Сити» шағын ауданына да барды. Онда тұрғын үй құрылысы және білім беру бағытындағы 9 жоба іске қосылады. Премьер-министр сорғы қондырғыларын және электр жабдығын шығаратын зауыттың өндірісімен танысты. Үкімет басшысы Түркістан облысына да сапарлады. Түркістан магистралдық арнасын күрделі жөндеу және оны Сырдария өзенінен толтыру үшін машина арнасын салу жұмыстарын тексерді. Қазір облыста Жетікөл көл жүйесін қайта жөндеу жүріп жатыр. Су тапшылығын жоюға арналған жоба өңірдегі шаруашылықтың дамуына демеу болмақ.

Уәлихан Ахметов, «KARLSKRONA LC AB» ЖШС бас директоры:

– Біз жыл басынан бері 1,5-2 миллиардқа жуық тапсырыс орындадық. Биыл Оңтүстік арнайы экономикалық аймақта жаңа зауыт құрылысын бастаймыз. Ол өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Машина жасау өндірісі Оңтүстік арнайы экономикалық аймақтың негізгі бағыттарының бірі ретінде таңдалды. Бұл біздің қаламыздың инвестициялық әлеуетін арттырады деп есептеймін.