Алматы облысындағы ауылдардың 90 шақтысына жаңа медициналық пункт қажет

Алматы облысында өткен жылы ана мен бала өлімі көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар медицина мекемелерінің тең жартысына күрделі жөндеу қажет. Үш ауысымды мектеп, ауылдарды газдандыру мәселелері де өңір үшін өзекті болып тұр. Бүгін аймақ әкімі Амандық Баталовтың есеп беру жиынында тұрғындар осы салаларға қатысты проблемаларды көтерді.

Алматы облысындағы ауылдардың тоқсан шақтысына жаңа медициналық пункт қажет. Шалғай елді мекен тұрғындары онлайн байланысқа шығып, өздеріне қатысты осындай көкейкесті проблеманы көтерді. 

Өмірзақ Ниязбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Осы биыл 30-дан астам жаңа ғимарат саламыз. Жаңадан салынып болғаннан кейін жабдықталады, медициналық қызметкермен толық қамтамасыз етеміз.

Өңірде 600-ден астам емдеу мекемесі бар. Соның тең жартысының тозығы жеткен. Ғимаратардың ескіруі мен маман жетіспеушілігі көрсетілетін қызмет сапасына кері әсерін тигізіп отыр. 

Амандық Баталов, облыс әкімі:

- 2019 жылы 11 ана қайтыс болды. Ал 2020 жылы 14 адам көз жұмды. Сәби өлімінің көрсеткіші де 9,4 процентке өсіп отыр. Қайғылы жағдайды болдырмау үшін жауаптыларға перзентханалар мен өзге де медициналық мекемелердің жағдайын жақсартуды тапсырамын.

Өңір үшін үш ауысымды мектеп мәселесі де өзекті. Өткен бес жылда 50 шақты білім ордасы бой көтергенімен тағы осыншасы үлкейтіліп, не жаңадан салуды қажет етіп тұр.

Аймақта көгілдір отын тарту ісіне басымдық берілген. Бүгінгі күнге дейін бұл бағытқа 148 млрд теңге жұмсалды. Енді алдағы үш жылда өңірдің газдандыру көрсеткішін 76 проценке жеткізу жоспарланып отыр. Алайда тұрғындар табиғи газға қосылу құны қымбат дейді.  

Миязим Ахметов, Шелек ауылының тұрғыны:

- Газ тартуға 350 мың теңге кетеді. Одан бөлек пеш сатып алуың керек. Сонда барлығы 800 мың теңге шығады. Көбі несие алып қосылып жатыр.

Талдықорған маңындағы шаруалар тіршілік нәрінен тарығып отыр. Өйткені егістік алқапты суаратын жүйелер ескірген.   

Облыста пайдаланылмай бос жатқан жерлер жетерлік. Оның нақты көлемі ғарыштан зонттау жұмыстары нәтижесінде анықталды.

Марат Жүндібаев, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бөлім басшысы:

- Қазақстан ғарыш сапары ұлттық компаниясы 67 мың 900 гектар жерді пайдаланбағаны үшін ұсынылған болатын. Оның барлығы жергілікті аудандық қалалық жергілікті атқарушы органға таратылып берілді. Тиісті шаралар қабылдау үшін. Қазіргі кезде 400 га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 35 мың гектар қайта пайдалануға кірісті. 34 мың гектар жер аудандық қалалық атқарушы органдардың бақылауында тұр.

Есеп беру жиынында кинополигон салу, балалар театрын ашу, жас кадрлар резервін қалыптастыру сынды ұсыныстар айтылды. Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі пандемияға қарамастан өңірдің даму қарқыны сақталғанын жеткізді. Сонымен қатар биыл аймақта бірнеше ірі зауыт іске қосылып, 8 мың жұмыс жаңа орны құрылатынын атап өтті.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев