Бақытжан Сағынтаев алматылықтарды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді

Бүгін Алматы қаласының әкімі де халыққа есеп беру кездесуін өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бақытжан Сағынтаев онлайн жиында тұрғындарды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Дегенмен бұған дейін шешімін таппай келген кей мәселелер сол күйі басы ашық қалды.

Қала әкімінің халықпен кездесуі 4 сағатқа созылды. Карантиндік шектеулерге байланысты кездесу онлайн форматта өтті. Әр аудан бойынша арнайы орындарға келген тұрғындардан ғана емес, әлеуметтік және уатсап желісі арқылы да сан түрлі сауалдар түсті. Халық бұл жолы шаһар басшысына мақтау мен мадақтау емес мұң-мұқтажын жеткізді.

қала тұрғыны:

– Алтын орда мәселесі. Мен өзім облыста тұрамын, қалада жұмыс істеймін. Күніне 2 сағат қалаға, 2 сағат ауылға жүремін. Күніне 4 сағат өмірім жолдың үстінде өтеді. Денсаулығыма кері әсері тиіп жатыр. Жүйкем де жұқарды. Сіздер жоғары жақтағы адам болғаннан кейін ол кезде жолдың бәрі бос тұрады да, ал біз сияқты халық зардап шегіп жатырмыз.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:

– Өкінішке орай Алтын орда қалаға жатпайды. Ол Алматы облысының жері. Мен де өзің сияқты айқайдың үстінде жүрмін. Жұмыс жасап жатқан министрліктің құзіретінде. Ақшасы жеткілікті. Бірақ әлі келе жатырмыз. 

Қырығына шыдадыңыздар, енді 41-іне де шыдаңыздар деді қала әкімі. Бір ғана Алтын Орда емес, Алматы көшелері жылда күннің көзі жылынып, қар еріген соң ой-шұқыры шығып жатады. Қала шетіндегі шағын аудандар былай тұрсын, жылда жасалатын орталық көшелердің өзі ойылып кетеді. Наурызбай және Алатау ауданының тұрғындары ауыз суға жарымай отырғандарын айтса, Әуезов ауданының тұрғындары ыстық сусыз қалғандарын айтып мұңын шақты. 

қала тұрғыны:

– Ыстық судың мәселесін жыл сайын айтамыз. Жылыту маусымы аяқталысымен бізде ыстық суды өшіріп тастайды. Ал Энерготиімділік басқармасының мамандары біздің айтқанымызға құлақ аспайды. Осы жайтты сіз де, орынбасарыңыз да назардан тыс қалдырасыз.

Бұл сауалға әкім Ерлан Қожағапановтың жауап беруін өтінді. Алайда әкім орынбасарының жауабына қала тұрғыны қанағаттанған жоқ. 

қала тұрғыны:

– Өзіңіз әкім болып келгенде айтқан болатынсыз, мен Алматы маңындағы көшелерді жарықтандыруды 100 пайыз жеткізем деп. Бірақ өкініштісі бүгінгі күні Кемел ауданында бұл мәселе толықтай шешімін таппай тұрған сыңайлы. 

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:

– Жарықтандыру мәселесі бойынша айтқан сөздерімді орындап келе жатырмын. Бастапқыда біздің аудит бойынша 1200, 1300 деп бағаланған болатын. Бірақ кейін толығымен шығарған кезде 2000 мыңның үстіне шығып кетті. Жарықтанбаған көшелердің саны.

4 сағаттан аса уақыт ішінде қала әкіміне 65 сауал қойылыпты. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік, медицина, экономика мен экология саласын қамтыды. Халық пен әкім арасындағы кездесуден түсінгеніміз 2 млн-нан астам тұрғыны бар шаһарда әлі де шешілмей тұрған мәселе көп көрінеді.

Жандос Айтбайұлы