Алматыда жасыл желекке қиянат жасау тыйылар емес

Алматыда жасыл желекке қатысты мәселе әлі де шешілмей келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кесілген, зақымдалған тал-терек пен түбіне бетон құйылған ағаштар жайлы арнамызда бұған дейін де айтылды. Бірақ жасыл желекті отау әлі тыйылмай отыр.

Самал 2 ықшамауданындағы мына талдардың енді әрі қарай өсіп, өнуі екіталай. Тамырына ылғал тұрмақ, ауа да бармайды. Құрылыс талаптарына енжар қараған мердігер ұйымдар ағаштарды осылай біртіндеп өлтіруге көшкен дейді табиғат жанашырлары. Ал тамыры семіп, қураған ағашты кесуге себеп табылады.

Тимур Елеусізов, Kаz Eco Patrol қоғамдық ұйымының негізін қалаушы:

– Барлық құрылыс компаниялары мен мердігер ұйымдар сақтауы тиіс құрылыс нормалары бар. Ол жерде қоршаулар, ағаш діңінен 1 метр алыс жасалауы керек. Ал электр желілері, кәріз құбырлары, су желілері ағаштан 2 метр қашықта жатуы тиіс екені анық жазылған. Ал бізде бұл ережелер орындылмайды. Жобалаушы алдында тұрған ағашты көрмейді, оны тапсырыс беруші бекітеді. Соңында жасыл желекке қиянат жасалады. 

Табиғатқа қиянат жасаушылар әкімшілік кодекстен де ықпайды. Қазіргі заңнама бойынша айыппұлдың көлемі 10 тал кессе де, 100 тал кессе де, бір меже – 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Яғни 43 мың 755 теңге. Сондай-ақ бір тал кессе, орнына 10 тал егу міндеттеледі. Табиғат жанашырлары өтеме ағаш отырғызуды 20-ға арттыруға қол жеткізіпті. Жаңа құжат шілде айында қолданысқа енеді. Бірақ бұл да «асауға тұсау» болмайтын тәрізді. Ағашты аяусыз қорлағандар, саңылау тауып, сытылып шығуға даяр.

Тимур Елеусізов, Kаz Eco Patrol қоғамдық ұйымының негізін қалаушы:

– Кәсіпкерлер жауаптан сытылып шығудың жолын тауып алған. Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге рұқсаты болса, 188 бапқа сәйкес, бұл жердегі ағаштарды кесуге болады. Демек, олар құрылысты бастамас бұрын мемлекеттік актіні жеке тұрғын үй салуға деп рәсімдейді. Содан соң ағаштарды кесе береді. Оған ешкім ештеңе дей алмайды. Себебі ол жеке мүлігі. Арада аз уақыт өткен соң, жер телімін қайта рәсімдеу жасалады.

Ағаштарды күтіп баптау, қорғауға жауапты Жасыл экономика басқармасы мәселеге мән бермейтіндей сыңай танытты. Бірнеше рет сұраныс жіберсек те, жауап алу мүмкін болмады. Айтпақшы, бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев халыққа есеп беруі барысында қаладағы барлық ағаштар туралы мәлімет Жасыл экономика басқармасының сайтында көрсетілген деді. Ал сайтта ондай мәліметті көзіміз шалмады. Сұрастырсақ, ол әлі жасалып жатқан сайт екен. Ал Самал 2 ықшамауданындағы ағаштарды зақымдағандар жауапқа тартылды.

Бағдатбек Балтабекұлы, Медеу аудандық табиғат қорғау полициясы бөлімшесінің капитаны:

– Самал 2 ықшамауданындағы ағаштардың түбін бетондап тастағаны үшін ИП Бугинбаевқа Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 386-бабына сәйкес әкімшілік хаттама салынды. Және мұндай жағдай қайталанбайтындығы туралы кепілдеме хат алынды.

БАҚ өкілдері жазып, әлеуметтік желі шулаған соң, талдардың түбі цементтен тазартылды. Алайда тамырына зақым келмегеніне ешкім кепіл бола алмасы анық.

Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Эдуард Кон