Елордадағы Қызылсуат ауылы судан тапшылық көріп отыр

Елорда маңында орналасқан Қызылсуат ауылының жағдайы сын көтермейді. Аты суат болса да, халқы сусап отыр. Өйткені орталық су құбыры жоқ. Жергілікті жұрт бірнеше шақырымнан су тасып ішіп, бейнетпен өмір сүріп жатыр. Рас, тиісті мекемелерге барып, арыз-армандарын мың мәрте айтқан. Алайда әзірге нәтиже жоқ.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Қызылсуат ауылының тұрғындары 20 жыл бойы тұщы суға зәру. Жергілікті халық ұзын сонар кезекке тұрып, ақылы түрде су алады. Құдықтан күніне екі мезгіл ғана су алуға мүмкіндік бар. Егер  үлгірмей қалса, көршіден амалсыз су сұрауға мәжбүр.

Иә, бұл елорда іргесіндегі Қызылсуат тұрғындарының күнделікті күнкөрісі. Тіршілік нәрін таңғы 10-да және кешкі 4-те алуға болады. Судан тарыққан жұрт осылай әбігерге түседі.

Майлыбай Сәдіров, Қызылсуат ауылының тұрғыны:

- Қанша уақыттан бері жазып жатырмыз. Қазір нәтиже жоқ. Екі скважина бар, содан графикпен алады. Жетпей қалады. Бірақ су жетіспейді. Екі точка бар, мына жерде қазіргі 500-600 үй бар. Өздеріңіз ойлаңыздаршы оның сыйымдылығы тек 1 тонна. Очередьке тұрады. Жаз болса жарайды. Қыс болса тоңады. Маған жетпей қалса көршімнен 5 литр сұрап аламын.

Ауыл әкімі су мәселесі алдағы екі жылда шешімін табатынын айтады. Алайда оған қаражат керек дейді.

Оразбай Сәлменов, Қызылсуат ауылының әкімі:

- Қазіргі уақытта екі модуль жұмыс істеп жатыр. біреуі былтыр ашылды. Үлкен жоба жасалып жатыр. Әр үйді сумен қамтамасыз ету жобасы. Астанадан фирма ЖШС осы наурыз айында аяқтауға үміттеніп отыр. Мемлекеттік сараптама болады. Алла жазса, ендігі жылы бюджеттен қаржыландырған жағдайда іске қосылады деп ойлаймыз.

5 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде жарық мәселесі де ақсап тұр.

«Кеш батса, көшелерді қара түнек басады», - дейді тұрғындар. Интернетке қосылу да мұң. Қызылсуат балалары ғаламторға кіру үшін қыр жағалап, сай сағалап кетеді.

- Интернет дұрыс істемейді.

Оразбай Сәлменов, Қызылсуат ауылының әкімі:

- Интернет бар. Оның қуаттылығы аздау болып тұр. Бұл тараптан әкімшілік хаттарды жолдадық. Көмектесуге дайын. Халық сондай интернетіміз нашар, солай барлық операторларға жаздық. Кейбір қалталы азаматтар усилитель дейді, өздері орнатып жатқандар бар. Бізде сол жақсы интернетке қол жеткіземіз деп үміттенеміз.

Нағысхан Төлеубаев, Қызылсуат ауылының тұрғыны:

- Қаладан түнде келе жатқанда бір жарым шақырым ғана жер. Сол жер қараңғы. Бұрынғы әкімге дейін айтып, жазып оған уже арыз тастап, областной маслихаттан ақша да бөлінді. Міне тартады дегенге 4-5 жыл болды. Таң атпай балалар школға жиналу керек. Әркім балаларын жетектеп жүреді.

Елордадан бірнеше шақырымдағы ауылдың әлеуметтік мәселесі қашан шешілетіні белгісіз. Жұрт келер күннен үміт күтеді.

Авторлар: Наргиз Бекмағанбетова, Ержан Рахманбердиев