Елордада мемлекетаралық іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды

Нұр-Сұлтан полицейлері жедел-профилактикалық шара кезінде Ресей Федерациясы аумағында адам өлтіргені үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген 29 жастағы Өзбекстан азаматын ұстады, деп хабарлады ҚазАқпарат қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қолға түскен азамат Мәскеуде болған кезінде ішімдік ішіп отырып, РФ азаматын өлтіріп, кейін қашып кеткен. 2020 жылы күдікті анықталып, мемлекетаралық іздеу жарияланған.

Қазіргі уақытта қылмыскер Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Экстрадиция мәселесі шешіліп жатыр.

15-19 ақпан аралығында елорда аумағында қылмыстық жағдайдағы көші-қонды төмендету мақсатында жедел-профилактикалық шара жүргізіліп жатыр.

Қала аумағында заңсыз мигранттар мен ішкі істер органдарында уақтылы тіркелмей көші-қон заңнамасын бұзғандарды анықтау мақсатында жүйелі түрде тексеру жүріп тұрады.

Үш күн ішінде полиция қызметкерлері шетел азаматтарының елде болу ережесін бұзған 174 фактіні анықтаған, сондай-ақ іздеуде жүрген Қазақстан Республикасының 8 азаматы ұсталды.