419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде боранда жолда қалғандар құтқарылды

  • 86
  • UPD: 17:06, 18.02.2021

Ақтөбе облысында күннің райы бұзылып, қар ұшқындап тұр. Өткен түнде соққан ақтүтек бораннан өңір арқылы өтетін 4 республикалық және бірқатар облыстық деңгейдегі тас жолдар жабылды. Ал тұрып қалған көліктерді құтқару таң атқанша жалғасқан. Әсіресе облыс орталығы мен Мұғалжар, Темір аудандарына баратын бағытта 30-ға жуық көлік жол тазартылғанша жіберілмеді. Төтенше жағдай департаментінің өкілдері түнде түскен қардың қалыңдығы 37 саниметр болғанын айтады. Кей жерде одан да көп. Жолда қалған техникалардан өзге, бір жүкті әйел де құтқарылған.

Марғұлан Аманбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Кеше түнгі боран кезінде Ақтау қаласынан келе жатқан бір «Газель» жүргізушімен құтқарылды. Және де қазіргі кезде Хромтау қаласында біздің құтқарушылар бір ауылды мекенге барып, аудандық ауруханадан врачтарды алып барып, жүктілікті әйелді үйде тудырып, қазір аудандық ауруханаға келе жатыр. Жағдайы бәрі жақсы.

Қатты соққан боран қаланы да басып тастады. Жол тазалау жұмыстары түні бойы жалғасқанымен, таңертең көлік қозғалысы қиындады. Аулалар мен кейбір көшеде батып қалғандар да болды. Қазір облыс орталығы мен жақын орналасқан елді мекендерде 7 мердігер мекеменің 100-ден астам техникасы мен 270 шақты қызметкері жұмыс істеп жатыр.

Мамандардың айтуынша, күннің райының мұндай құбылысы таяу күндері тағы да қайталануы әбден мүмкін. Сондықтан әзірге алыс жолға шығуға ерте дейді.     

Руслан Төреғали, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімі басшысының орынбасары:

- Тазаланған жерлер 2-3 сағатта қайта басып жатыр. Техника тоқтамайды. Елді мекендерде басты жолдар ашылды яғни, қоғамдық көлік қатынау жолдары. Қалған қосалқы көшелері ашу жұмыстары жүргізілуде.

Хабар 24 телеарнасы