Мобильді қосымша полиция жұмысын жеңілдетті

«102» мобильді қосымшасы Ақмола облысы полицейлерінің жұмысын жеңілдетті. Оның көмегімен екі аптаның ішінде 10-нан аса заң бұзушылықты анықтаған.

Онлайн-сервис Ішкі істер министрлігінің бастамасымен іске қосылды. Артықшылығы сол, тұрғындар түрлі келеңсіздіктер туралы полицияға видеобайланыс арқылы хабарлай алады. Ал қоңырау шалған тұлғаның аты-жөні мен тұрған орны базаға бірден тіркеледі. Сондай-ақ оқиға орнынан фото немесе видеотүсірілім жолдауына болады. Алайда азаматтар алдымен қосымшаны смартфонына орнатуы тиіс. Жаңа жүйемен жұмыс істеу үшін өңірде 60-қа жуық қызметкер оқытылған. 

Дәулет Шәкенов, облыстық ІІД Ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы: 

- Жалған арыздарды бақылауға болады. Адам шын айтып тұр ма әлде жалған ақпарат беріп тұр ма соны көруге болады. Тек ғана жол апаты ғана емес, кез келген ақпарат бойынша осы қосымша арқылы арыздана алады. Облыс орталығы және 15 ауданда орнатылған. Айдың аяғында барлық ауданда қызметкерлер осы қосымшамен жұмыс істейді.