Балқаш көлінде браконьерлікті кәсіп қылған тұрғын ұсталды

Алматы облысының табиғат қорғау полицейлері Балқаш көлінде браконьерлікті кәсіп қылған тұрғынды ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірлескен арнайы шара барысында Балқаш көлінде рұқсатсыз балық аулаумен айналысқан адамды ұстады. Күдікті мінген «УАЗ» маркалы көлікті тексеру кезінде төрт қап табан балық пен алабұға балығы табылды.

«Балқаш көлін тексеру барысында Қаратал ауданының 35 жастағы тұрғыны заңсыз балық аулап жатқанда үстінен түстік. Сонымен қатар күдікті пайдалануға мүлдем тыйым салынған пластикалық ауды пайдаланғаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деді облыстық ПД Табиғат қорғау полициясының инспекторы Бағлан Рымжанов.

Тәртіп сақшысының ақпаратына сәйкес табиғи байлыққа рұқсатсыз қол салған тұрғынның көлігінен 100 килограмнан астам балық пен пластикалық ау тәркіленген. Балықтар арнайы қабылдау орындарына өткізіліп, түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылады. Сонымен қатар табиғат қорғаушылар күдіктінің заңсыз әрекеті мемлекетке 300 мың теңгеден астам материалдық шығын әкелгенін атап өтті.

Сондай-ақ...