Шымкент іргесіндегі елді мекенде су мен жол жоқ

Шымкент іргесіндегі «Ынтымақ» шағын ауданының тұрғындары таза ауызсуды құдықтан тасып ішіп, батпақ жолмен жүреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылай деп арнамызға шағымданған халық көгілдір отынның сапасына қатысты да наразылықтарын жеткізді. «Шаһар маңында өркениеттен тыс қалдық» деп ашынған жұрттың жанайқайын тілшіміз Нұрбек Байбосын тыңдап қайтты.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- «Ынтымақта» бес жылдан бері күн кешіп келе жатқан Ерлан Ахметжан күн сайын көршісінің құдығынан су ішеді. «Миллионды шаһар мегаполисте тұрсақ та, мына көрген күніміз осы» дейді ол. Мұнда су құбыры мүлдем жоқ. Ал ауыз судың сапасы айтпаса да түсінікті.

Ерлан Ахметжан, қала тұрғыны:

-Қаланың ортасында тұрғанымыз білінбейді бізге ешқандай. Ауылдық жерде қайта жағдай жасалған, бізден артық жасалған. Бізде ондай жағдай қарастырылмаған. Құдықтың суынан қоқыс шығады ішінен. Стандартқа сай емес суымыз. Күн көру керек амал жоқ. Ішеміз.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Мына маңды тұрғындар күнделікті қатынайтын жол етіп алған. Себебі бұл үлкен көшеге алып шығатын жалғыз аяқ жол. «Ауа райы бұзылып, қар жаңбыр болғанда бұл жердің миы шығып жүруі мүмкін болмайды», - дейді халық.

«Жол азабын жүрген білер» демекші Жәудір секілді қалаға қатынап оқитын оқушылар мұнда жеткілікті. Себебі жақын маңда мектеп жоқ. «Ал күн суытып, жер лай батпаққа айналса, білім іздеуге де мүмкіндік жоқ», - дейді ол.

Жәудір Ермекбай, оқушы:

- Жаңбыр жауған кезде қыстыгүні өте алмаймыз. Машиналар да қадалып қалады. Аяқтарымыз лай болады мектепке барамыз дегенше. Кей кезде мектепке де бара алмаймыз.

Мәдіхан Омарбек, қала тұрғыны:

- Мына жерде жол жоқ. Анау жерден жауып тастайды. Мынау менің жерім, өтпейсің деп. Оны жалынып жүріп ашқызамыз. Сондай мәселе. Екінші мәселе газ. Қалай қараша айы түседі, бізде айқай-шу. Себебі жекеменшік газ. Мемлекеттікі анау арғы жағында келіп тұр. Оны неге қоспайтынын білмеймін енді.

Халық өздері жол етіп алған аумақ Әбдіқадыр Жораевтың меншігіндегі жер көрінеді. Ол да осы елді мекеннің тұрғыны. «Көршілеріне көңілі қаласа жолды ашып, кей кездері көшені бекітіп тастайтыным жасырын емес», - дейді ол.

Әбдіқадыр Жораев, қала тұрғыны:

- Мен жолды жауып едім де.Сөйтіп едім, маған «жолды жаппаңыз, мына жерді жөндеп алайық, өтеміз» деді. Содан кейін жол жабылған жоқ, ашып жібердім, адамдар өте берді ана жерді шөп басып кетті. Бірақ жер менікі. Біздің жеріміз 2 гектар болған. Ұжымға бөлінген. Соны 6 адамға бөлген осы жерлерді. Маған осы төмені тиген тиесілі болып.

Мұндағы таза ауызсу, жол, көгілдір отын мен қоғамдық көлік жайы қалаға қарасты Абай ауданы әкімдігіне жақсы таныс. «Қордаланған коммуналдық мәселе биыл ретімен шешімін табады», - дейді халықпен жүздескен аудан басшысы Бұхарбай Парманов.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

- Қаржының барлығы бөлінген. 1,9 млрд қаржы бөлінді. Биыл Ынтымақ 2, батыс бөлігі Ынтымақтың өзі 100% ауыз сумен қамтамасыз етіледі биыл. 1 қыркүйекке дейін. Газдың мәселесі бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Барлығы 2022 жылға өтпелі болады. Биыл ауызсумен қамтамасыз етеміз. Абай ауданының 44 шақырымында топырақ және тас жолдар. Осының барлығына қаржы бөлініп жатыр транспорт басқармасы арқылы. Биыл сәуір айынан бастап бұл жолдарға шағал төсейміз.

Міне, қыстың соңғы айы да аяқталуға жақын. Әкімдік уәде еткен көктем де келер. Ал халыққа тек әліптің артын бағып, күту ғана қажет.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов