Алматы маңындағы жолдар қашан жөнделеді?

Күн жылып, көктем келгенде Алматы тұрғындары көше мәселесін көтере бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, қала шетіндегі шағын аудандардың халқы батпаққа батып, жұмысына жете алмай зар жылайды. Биыл алып шаһарда 500-ге жуық көше мен Думан ықшам ауданындағы 30 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Бұл – XXI ғасырдағы Алматы көшелерінің көрінісі. Көктемде көліктер батпаққа батып, жазда шаңы аспанға шығып жататын шағын аудандардың сиқы осындай. Биыл ғана емес, бұрыннан келе жатқан жол мәселесі жуық арада шешіле қояды дегенге сену қиын. Өйткені халыққа уәдені үйіп-төгумен келе жатқан шенеуніктер қашанда сөйлеуге шебер.

Өркен Қодаров, Наурызбай ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Енді ауа райының қолайлығына байланысты асфальт төсеніші төселінетін болады алдағы уақытта. Одан бөлек, 2 жылға дейін әр мердігердің өзіндік кепілдік уақыты бар. Ақаулар болған жағдайда. Олар келіп, қайтадан қалпына келтіріп отырады.

Әкімдіктегілер танымал адамдар шу шығарған кезде ғана қозғала бастайтыны бесенеден белгілі. Біраз күн бұрын әнші Әділ Сламхан көлігімен батпаққа батып, әлеуметтік желіде үлкен әңгіме қозғаған еді. Сол әнші тұратын Тастыбұлақ ықшам ауданында тас төселіп, қызу жұмыстар басталып кетіпті. Әншінің де көңіл-күйі керемет.

Әділ Сламхан, әнші:

- Қалаға кірдік, жағдайымыз жаман емес. Су да бар, газ да бар барлығы жақсы. Енді сол қазір мына су мен кәріз құбырын тартқанға уақытша қиыншылық болады деп ойлаймыз. Бұйырса, Үкімет те жерге қалдырмайтын шығар. Бәрін жасап береді деп ойлаймыз.

Ой-шұңқыры бар көшелер қала шетіндегі шағын аудандарда ғана емес, орталықта да бар. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, ауа райының ылғалдылығынан және қар жауғанда себілетін тұздардың кесірінен қала жолдары жиі бұзылады екен.

Айдын Тойбазаров, қалалық мобильділік басқармасының  бас маманы:

- Ағымдағы жылы Алматы қаласы бойынша негізінен мына инженерлік желілер жүргізіліп біткен аудандар бойынша, оның ішінде 7 шағын аудан бар. Наурызбай ауданында Құрамыс, Түркісіб ауданында Нұршашқан, Әлмерек, Қайрат, Алатау ауданында Самғау, Шаңырақ-5, Өжет шағын аудандарында 317 көшеге жол құрылысы жасалатын болады.

Биыл шеткі аудандардан бөлек, қала орталығындағы 190 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі екен. Ал осы жол құрылысына қала бюджетінен қанша қаражат бөлінеді деген сауалымызға әкімдік өкілдері жауап берген жоқ.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев, Радик Жақыпов