Ақтаудың іргесіндегі түзеу мекемесінде кәсіп өрлеп тұр

Қазір мұнда аяқ және сырт киім тігетін, ағаш пен темірден түрлі бұйым шығаратын бес өндіріс орны бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл түрмеде ойыншық жасайтын шағын цех жұмысын бастады. Сотталған азаматтар тапсырыстың көлеміне қарай айына 15-тен 90 мың теңгеге дейін жалақы алады.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Қыз жасауына арналған ыдыс-аяқтар мен домбыра жасалатын цехта 25 жазасын өтеуші еңбек етеді. Айтуларынша, қазақша ет салынатын табақ пен қымыз-шұбат құйылатын зеренге тапсырыс күн сайын түседі. Олар айына кемі 100 ағаш ыдыс және 30-ға жуық ұлттық музыкалық аспап әзірлейді. Қолөнерге бейімі бар адамға мұнда жұмыс табылады.

Болат Бермағанбетов, жазасын өтеуші:

- Мен осы жерге келдім деп жата беруге де болмайды ғой. Осы өндірістік цехтың бас маманымын. Өзім де осы жерден үйрендім. Сосын адам жинап, жаңадан келіп жатқандар құр жүргенше үйренсін дедім. Ертең сыртқа шыққанда бұл да талап қой. 3-4 күн сынаймыз, қараймыз. Егер алып бара алмайтын болса, айтамыз. Мынау шұбат ішетін ыдыс, енді мұның қазандарын жасадық. Жасап, үйреніп жатырмыз.

Осы түрмедегі 32 адам коронавируспен күреске жұмылған медицина қызметкерлеріне 40 мың дана қорғаныш костюм тігіп бергені үшін аймақ әкімдігінен алғыс хат та алған. Жазасын өтеушілерге айлық төлеп отырған кәсіпкерлер өндіріске қажет шикізатты Алматы, Шымкент және Тараздан алдыртып, осында жеткізеді. Кейін дайын өнімдерді алып кетіп, тапсырыс берушілерге апарып береді. Мәселен, мына цехта темірден отырғыштар, ойын алаңдары мен әлпеншектер жасалады.

Әлімбай Кәрімбаев, жеке кәсіпкер:

- 2019 жылы әсіресе, көп болды. Табысы кем үйлер болады ғой, балалары көп мысалға. Жаңағы әткеншек дейді ғой, соларды жасап, апарып беріп, біраз үйлердің алғысын алдық. Карусельдер жасап бердік. Түзету мекемесімен 2015 жылдан бері әріптестік жұмыс жасап келеміз. Жеке кәсіпкерлер, мейрамхана, дәмханалар басқа облыстардан да бізге тапсырыс көп қазір. Көп жұмыс жасаған кездері 80-90 мыңның төңірегінде жалақы алады осындағылар. 

ГМ 172/6 түзеу мекемесінде бір мыңға жуық сотталушы өз жазасын өтеп жатыр. Соның жүзден астамы тұрақты жұмыспен қамтылған. Алатын айлығының бір бөлігін жақындарына жіберіп, қалғанын сотпен белгіленген материалдық шығындарын өтеуге жұмсап келеді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Жазасын өтеушілердің қолынан шыққан темір және ағаш бұйымдар дәл осы жерде сақталады. Қазір мұнда 100 дана темір сейф тұр. Олар таяу күндері Атырау облысына жіберіледі. Сондай-ақ биылдан бастап бұл жерде қазақтың ұлттық бесігі де жасала бастады. Сотталған азаматтар айына ең кемі 50 тапсырысты орындап отыр.

Түрме басшылығы алдағы уақытта тағы үш өндіріс орнын ашуды көздеп отыр. Мұнда кәсіпорын ашуға ниетті бизнес өкілдерімен келіссөздер әлі де болса жалғасып жатыр. Тараптар ортақ келісімге келсе, таяу жылдары 500-дей сотталушы жұмысқа тұрады деп күтілуде.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев