Ақтөбеде қаланы су және жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорынға қатысты іс қозғалды

Бұған алпауыт мекеменің қызмет ақысымен келіспеген тұтынушылардың шағымы себеп болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Табиғи монополияларды реттеу департаментінің мамандары акционерлік қоғамда жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізіп, кемшілікті анықтады. Су және жылумен қамту бағдарламалары біріктірілген кезде техникалық ақау болған. Салдарынан 17 мыңнан астам тұтынушының желтоқсан айы үшін төлеуі тиіс ақысы дұрыс есептелмеген. Қателік жалпыға ортақ есептегіш құралдары бар үйлерде болған. Кәсіпорынға тез арада олқылықты жою талабы қойылды.

Жасұлан Картімбетов, облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы:

- Департаментпен «Aqtobe Su-Energy Qroup» АҚ-ға қатысты әкімшілік іс қозғалды қазіргі таңда. Сонымен қатар заң бұзушылық арқылы түскен негізсіз кірісті қайтару туралы нұсқама да қолдарына берілген болатын. Бұл нұсқама «тез арада қайтарылу керек» деген талаппен берілген болатын.

Тимур Бабанаев, «Aqtobe Su-Energy Qroup» АҚ бас директорының орынбасары:

- Барлық 17500 тұтынушыны алғанда жалпы сомасы 210 мың теңге. Жұмыстар қазір атқарылып, қайта есептеу жүргізіліп жатыр. Осы ақпан айын жапқан кезде, яғни, тұтынушылар наурыз айының түбіртектерінде ол қайта есептеуді, сомасын бәрін көреді.