Павлодар тұрғыны қазақ тілін жаңа форматта үйренуге арналған құрал ойлап тапты

Мемлекеттік тілді арнайы курсқа бармай-ақ меңгеруге болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Павлодарда «Қазақ тілі QR код» жобасы жүзеге асып жатыр. Оның авторы Шолпан Кинжикованың айтуынша, бұл цифрлық технологияға сүйене отырып, тілді жаңа форматта үйренуге арналған құрал. Себебі кез келген адам осы QR кодты өзінің смартфонына жүктеп, «Ана тілі» орталығының сайтына шығады. Онда көптеген интерактивті тапсырма берілген және барлық сала қамтылған. Грамматикалық тұрғыдан да көмек көрсетеді. Бұл қазақ тілін жетік меңгеруге ниет білдіргендер үшін таптырмас мүмкіндік. Алдағы уақытта QR коды бар плакаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығы сынды адамдар көп баратын мекемелерге ілу көзделген. Тың жобамен бірінші болып Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Ұлттық жаңғыру мектебінің оқушылары танысты.

Ольга Пафингут, румын-молдаван орталығының мүшесі:

– Бүгін міне, «Қазақ тілі QR код» қосымшасымен танысып жатырмыз. Бұл қазақ тілін үйренудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Өте қолайлы. Телефоныңызды QR кодқа жақындатсаңыз жетіп жатыр. Бұған дейін біз арнайы ұйымдастырылған курстарға қатысатынбыз.

Шолпан Кинжикова, ана тілі орталығының директоры:

- QR код арқылы өзі сол бір жерден хабардар болады. Бір жерден өзіне алатын мағлұматын, мәліметін алады. Екінші тағы да айтып кететін жағдай ана жерде электрондық «Келіңіздер, қазақша сөйлесейік» деген оқулық та берілген. Яғни оқулығы бар, мобильдік қосымша бар, интерактивтік тапсырмалар бар сосын тілдік модельдер әр салаға байланысты өзіне алып отырады.