Теміртауда ағайынды жігіттер адам тонаған

Адам тонаумен айналысқан теміртаулық ағайындылар ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

30 қаңтар күні Қарағанды облысы Теміртау қалалық Полиция басқармасына қарасты Ескіқалалық полиция бөліміне 59 жастағы азаматшадан арыз түскен. Азаматша өз арызында қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің маңынан өтіп бара жатқанда оған белгісіз біреулердің шабуыл жасап, қолындағы сөмкесін тартып әкеткені туралы жазған. Сөмкеде жәбірленушінің ұялы телефоны болған. Келтірілген шығын көлемі 25 мың теңгені құраған.

Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабына (Тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Криминалдық полиция қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру шаралары барысында осы іске ағайынды екі азаматтың қатысы бар екені анықталды.

17 ақпан күні жедел уәкілдер күдіктілерді ұстады. 19 және 23 жастағы күдіктілер қылмыстарын мойындады. Айғақ зат ретінде ұялы телефон тәркіленді. Ағайындылар қамауға алынды.

Сондай-ақ...