Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған Атыраудың екі тұрғыны сотталды

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Атырау қаласы 4 мекенжайы бойынша «Э-БК» ЖШС букмекерлік кеңсесі түрінде ұйымдастырылған заңсыз ойын бизнесі фактілерінің жолы кесілді.

Ойынхана ғимараттарын тексеру барысында 17 процессор, 16 монитор, 32 теледидар, чектерді басып шығаруға арналған 14 термопринтер және жалпы сомасы 1,2 млн теңгеден астам ақша тәркіленді.

«Атырау қаласының №2 сотының үкімімен екі қала тұрғыны ҚР ҚК-нің 28-б. 5-т., 307-б. 2-т. 3-б. бойынша қарастырылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына 4 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.

Тәркіленіп алынған заттай дәлелдемелер мемлекет кірісіне айналдырылды.

Ақпарат көзі: ҚР ҚМА баспасөз қызметі