Қостанайлық полицей боранда адасқан көліктерге екі шақырым жаяу жүріп жол көрсеткен

Қостанайда күні кеше болған ақ түтек боранда бірнеше көлік қалың қар құрсауынан шығарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ретте құтқарушылар мен полицейлер ерлік танытты. Мысалы, полиция лейтенанты Амантай Байжанов екпінді жел мен суыққа қарамастан адасып қалған 10-ға жуық көлікке қалаға барар жолды көрсеткен. Ол автотізбектің алдына шығып, боранда жүгіріп өткен. Жалпы полицей жол көрсетемін деп көше бойымен екі шақырымдай жүгірген. Видео әлеуметтік желіге тез арада тарап кетті. Пікір білдірушілер тәртіп сақшысының әрекетін ерлікке бағалап, алғыс жаудырып жатыр.  

Амантай Байжанов, қалалық полиция басқармасының полиция лейтенанты:

– Серіктесіммен бірге жол апатына шыққанбыз. Ал қайтатын кезде қатты бораннан жол көрінбеді. Көліктер адасып, аялдап тұрды. Сөйтіп оларды алып жүру жөнінде шешім қабылдадым. Жол-көлік оқиғасын болдырмас үшін серіктесім Әмір Шалғымбаев автотізбектің соңында белгі беріп, патрульдік көлікті тізгіндеді.