414,77 504.70 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Солтүстік Қазақстан облысы қалың қардың астында қалды

  • 60
  • UPD: 13:36, 19.02.2021

Өткен тәулікте өңірде қатты боран соғып, тұрғындарды әбден титықтатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дабылды ескертуге қарамай жолға шыққан жүзге жуық адам қар құрсауынан құтқарылды.

Солтүстікқазақстандық құтқарушылар үшін түндегі тіршілік осылай басталды. Күні бойы жапалақтаған ақ ұлпаның салдарынан көлік қозғалысы қиындады. Алайда ақпанның ақ түтек боранына қарамай жолға шыққандар көп болды. Тек өткен тәулікте қар құрсауында қалған 100-ге жуық адамға көмек көрсетілді.  

Рамиль Қамалов, облыстық ТЖД бастығы:

- Қарда батып қалған 34 көлік шығарылып, 94 адам құтқарылды. Оның 9-ы бала. Өңірде жылыту бекеттеріне 132 азамат жеткізілді.  

Қатты боранның салдарынан өңірде екі ауыл жарықсыз қалды. Қазір қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек құтқарушылармен тәртіп сақшылары боранда адасып кеткен 3 адамға көмек көрсетті.  

Рамиль Қамалов, облыстық ТЖД бастығы:

- Тайынша ауданындағы балықшыны таңғы төртке дейін іздедік. Бұдан бөлек, Бірлік ауылында 19 жастағы жігітпен 7 жасар бала жылқы қарау үшін, үйден шығып кеткен. Ата-аналары бірден хабар берді. Арнайы техника жіберіп, оларды Есіл өзенінің бойынан таптық. Кейін медициналық тексерістен өту үшін аудандық аруханаға жіберілді.

Қазір қалада да қарбалас. Себебі облыс орталығында жауған қардың мөлшері айлық нормадан екі есеге көп.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы